Республика күніне орай қаламгерлер арасында бильярдтан сайыс өтті

Астанада журналистер мен жазушылар қауымы бильярд ойнады.

Дәстүрлі турнир Республика күні мен Астана қаласы мәслихатының 30 жылдығына орай  ұйымдастырылды. «Elorda Aqparat» медиасеріктестігі таяқ-тас ойынын биыл үшінші рет өткізіп отыр. Жарысқа 4 адамнан құралған 8 топ түскен. Олардың қатарында Төлен Әбдік, Қойшығара Салғараұлы сынды елімізге танымал ақын-жазушылар, депутаттар, журналистер, медиаменеджерлер бар. Мақсат – Республика күні мерекесін ұлықтай отырып, қаламгерлер қауымын бір ортаға ұйытып, бұқаралық спортты насихаттау. Айта кеткен жөн "Егемендік туралы ақжолтай хабарды халыққа ең алғашқы жеткізген журналистер қауымы. Тәуелсіздіктің құндылығын дәріптеп жүрген де қаламгерлер. Сондықтан, мереке күні ұйымдастырылған турнирге шақыртуды қуана қабыл алдық" дейді аға буын өкілдері.

Уәлихан Қалижанов, ҚР Ұлттық академиясының академигі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Декларация қабылданғанда бөркімізді аспанға атып, бәріміз жылап, қуанып, бір-бірімізден сүйінші сұрап, сондай бір күй кешкен болатынбыз. Сондықтан да күн жаңғырған сайын, өткен сайын тарихымыз алға жылжыған сайын бәрібір сол алғашқы күндер сол мерекенің, қабылдануы Декларацияның біздің санамыздан өшпейді. Жүрегімізде тұр. 

Төлен Әбдік - жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Қазақта сөз бар, «Бармаса бата қаза, араласпаса ағайын жат» деген.  Басы қосылып отыруы керек. Өнерде болады ма, спортта бола ма, барлық жерлерде. Сондықтан осы көрерменнің бәрін біріншіден Республиканың күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осылай мерекеден мерекеге жете берейік. Көңілде, адамның санасында арман көп, мақсат көп. Соған жетсек, жете берейік. Жетпесек те жақындайық.