Ұлытау облысында өңір жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды

Жезқазғанда өңір жетістіктерін паш ететін көрме өткізілді, деп хабарлайды 24KZ. Республика күні мерекесіне орайластырылған шараға Ұлытау облысының барлық ауданы мен қалалары қатысты. Оладың әрқайсысы өз өлкесіндегі қол жеткен табыстар мен даңқымен дараланған тұстарды экспонаттар арқылы көрсетуге тырысқан.

Ұлытау облысының құрылуымен бірге аймақ тарихының жаңа кезеңі басталғандай. Шаһарлар шырайланып, ауылдар ажарлана түсті. Жаңа баспаналар салынып, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар бой көтерді. Кәсіпорындардың көбеюі шағын және орта бизнестің дамуына дәлел. 

Ақжол Құрмансейіт, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары:

- Ұлытау облысы жеке облыс болып құрылғанына екі жылдан асты. Осы кезең ішінде экономиканың барлық саласында жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай баршылық. Ең алдымен бұл – инфрақұрылымдық жаңашыл шешімдер. Қалаларда салынып жатқан қазіргі тұрғын үйлер бар, әлеуметтік нысандар бар.

Облыс әкімі Дастан Рыспеков көрме қатысушылармен пікірлесіп, экспозицияларды көрді. Экспонаттар қатарында ауыл шаруашылығы өнімдері, тоқыма бұйымдары, құрылыс материалдары мен қолданбалы өнер туындылары және басқа да заттар бар. Мәселен, қаражалдықтар көрмеге салынып жатқан нысандардың макеттерін әкеліпті.

Диана Оспанбекова, Қаражал қаласы әкімінің орынбасары:

- Қалада кәсіпкерлік саласы да белсенді дамып келеді. Оның нақты дәлелі әкімнің гранттарды қаржыландыру көлемі 14 миллионнан 25 миллионға дейін ұлғайды. Нәтижесінде жас кәсіпкерлер өз ісін ашып, бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алды.

Көрмеде аймақ халқының адами әлеуетіне ерекше екпін түсірілуі тектен-тек емес. «Олардың ерен еңбегі, күш-жігері мен жетістіктері өңірдің әрі қарай дамуына, іргелі жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді», – дейді шараны ұйымдастырушылар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Елизавета Шалина, Нұрбол Өздікбаев.