Алматыда көрнекті мәдениет қайраткерлері марапатталды

Алматыда Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекет басшысының атынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдің дамуына елеулі үлес қосқан мәдениет және өнер қайраткерлеріне, ақпарат саласының өкілдеріне мемлекеттік наградаларды табыстады.

Аида Ғалымқызы: ««Мәдениет пен өнер жолындағы адал еңбектеріңіз жас ұрпаққа үлгі болып, жарқын жетістікке жете беріңіздер. Бұл – Мемлекет басшысының қоғамға еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік құндылықтарын дәріптеу бастамасының айқын көрінісі», – деді. Қазақстан Президентінің Жарлығымен ақын, сазгер Исраил Сапарбайға «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді. «Қазақстанның халық әртісі» атағына театр әртістері Жәмиля Баспақова, Лидия Кәден және Рихан Махпирова ие болды. Сонымен бірге бірқатар азаматтар «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Исраил Сапарбай , Қазақстанның халық жазушысы:

- Бүгінгі күні Алматының таңы ерекше атты. Шуақты, қуатты болып атты. Бұл – Алла тағаланың бізге деген нұры. Бақытты, шапағатты күн. Кеудемізге орден тағып, қолымызға гүл ұстап дегендей. Бұл жалпы халықтың мерекесіне айналып кетті.

Бейімбет Демеуов, «Парасат» орденінің иегері:

- Үлкен марапатқа ие болып жатырмыз. Ол тек қана менің емес, бүкіл қазақ кәсіби хор өнеріне берген бағасы деп есептеймін. Өзімнің туған ұжымым Мемлекеттік Б. Байқадамов атындағы хор каппеласының еңбек ете берді деп санаймын. Соған үлкен рақмет.