Қытайда «Алтын адам және Ұлы дала» халықаралық көрмесі өтіп жатыр
«Алтын» адам Қытайда көрсетілді. Құнды жәдігер көрші елдің Тяньцзинь музейіне қойылды, деп хабарлайды 24kz.
Сонымен қатар мұнда Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақстанның көне шаһарларынан табылған тарихи бұйымдар да жұртшылықтың назарына ұсынылды. Іс-шара халықаралық көрме аясында ұйымдастырылды.
«Алтын адам және Ұлы дала» көрмесінің жұмысы қыркүйек айында басталды. Елден жеткізілген экспонаттар қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихынан сыр шертеді. Экспозициядағы ең басты әрі танымал жәдігер бұл – Есік қорғанынан табылған «Алтын» адам. Одан бөлек, 200-ге тарта экспонат бар. Олардың басым көпшілігі алғаш рет жарияланып отыр.
Айбек Сыдықов, ҚР Ұлттық музей директорының орынбасары:
- Қытайға бас-аяғы 185 тарихи экспонатты алып келдік. Сөз жоқ, барлық жәдігер аса құнды. Олардың әрқайсы қазақ халқының бай тарихынан, дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Солардың ішіндегі ең құнды, әрі бірегейі – «Алтын» адам. Бұл археологиядағы ғасыр жаңалығы.
Көрме үш бөлікнен тұрады. Онда темір дәуірі мен орта ғасырдағы қазақ халқының тарихы көрсетіледі. Сонымен қатар қазақтың сәндік-қолданбалы өнері туралы да мағлұмат алуға болады.
Яо Ян, Тяньцзинь музейінің директоры:
- Экспозицияда көне Жібек жолы туралы ақпарат алуға болады. Сауда-саттық жолы бойында тарихи-мәдени алмасу кезеңдері көрініс тапқан. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Көрмені тамашалауға келушілер саны күннен күнге артып келеді.
Экспонаттарды келесі жылдың ақпан айына дейін тамашалауға болады. Ұйымдастырушылар бұл екі елдің музейлері арасындағы көпжақты ынтымақтастық аясындағы жұмыстың басы ғана дейді. Қос тарап тек көрмемен шектелмей, алдағы уақытта бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы