Павлодарда мүсінші Данияр Сарбасовтың жеке көрмесі ашылды
Павлодарда мүсінші, халықаралық Turan сыйлығының лауреаты Данияр Сарбасовтың жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Экспозицияға автордың соңғы он жылда сомдаған отызға тарта туындылары қойылған. Шығармашылық иесі өзін бірінші кезекте анималист-мүсінші ретінде таныстырып жүр. Еңбектерінің басым көпшілігі өзінің сүйікті жануары, жылқы малына арналған
Қазақстандық мүсінші Данияр Сарбасовтың терең мағыналы туындылары көрген адамға үлкен ой салады. Көрмені тамашалап шыққан қала тұрғыны Ирина Трофимова әйел, ана бейнесінің шебер сомдалғанына ерекше тоқталды.
Ирина Трофимова, қала тұрғыны:
- «Үміт» деген атауға ие болған туындысы маған қатты ұнады. Ол – жүкті әйел. Ал, экспозицияны ары қарай балалары қаумалап тұрған ана бейнесі жалғастырады. Көрмедегі әрбір туындының өз тарихы бар. Оның құпиясын ашу немесе талдап шығу мүмкін емес. Суретші мен мүсінші сияқты көрерменнің де өз түсінігі, пайымы болады.
Данияр Сарбасовтың кесек туындылары қиял-ғажайыптар мен ертегілерге тіпті тарихи оқиғаларға да негізделген. Мүсіншінің айтуынша, дәуіт пен жылан туралы ертегіде тарихи астар жатыр.
Данияр Сарбасов, мүсінші, халықаралық Turan сыйлығының лауреаты:
- Иә, ол дәуіт пен жыланның бейнесін көресіздер. Ал детальмен қарасаңыздар, ол жыланның қытайдың империясы екенін, қытайдың драконы ретінде көруге болады. Ал дәуітті ғұнның кезіндегі кентаврлар деп көрсе болады. Сондықтан сол кездегі тарихта ғұн қытайдың империясын жаулайтындай, жаулап алғаны дәлел ретінде.
Көрмеге қойылған экспозициялардың басын көпшілігі жылқы малына арналады. Бәйге аттары, тұлпар, жорға, шу асау бейнесіндегі жылқылар, Ақан серінің Құлагері, мифтік жаратылыс – қанатты пыраққа дейін қамтылған. Өнердегі жолын ашқан да осы қанатты жануар мүсіні екен.
Данияр Сарбасов, мүсінші, халықаралық Turan сыйлығының лауреаты:
- Мынау пегас деген жұмысым бар, ол «Шабыт» фестивалінің гран-при иегерін алып берген осы жұмысым. Ол жұмыста сақтың орнаменттерімен және де қазақи қазіргі орнаменттерді араластырып, өзімнің бір бойымдағы стилистиканы бейнелеп, дүниеге әкелгендей болдым.
Мүсінші скиф-сақ мәдениетін де терең зерттеп, осы бағытта бірнеше туындыларды өмірге әкеліпті. Кейбір жұмыстарында аң стиліне деген қызығушылық айқын байқалады. Баянауыл ауданының тумасы «Атамекен» атты туған жердегі алғашқы көрмесін биыл мерейтойлары тойланған даңқты жерлестеріне арнайды. Көрмеге отызға тарта мүсін қойылған.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев