«Хабар» арнасында Qunar+ реалити-шоуы көрерменге жол тартты

Бұл – ұмыт болып бара жатқан ауыл шаруашылығын дәріптеуге арналған жоба, деп хабарлайды 24kz.

Реалити-шоуда дипломмен ауылға барған жастарға немесе ауыл тұрғындарына төрт түлікті бағудың, заманауи үлгісі көрсетіледі. Бүгін 19:00-де тың жобаның алғашқы бөлімі көрсетілді.

Qunar+ реалити-шоуының алғашқы көрсетілімі кинотеатрда өтті. Ауыл шаруашылығын дәріптеуге арналған жобаның премьерасына танымал адамдар, кәсіпкерлер шақырылған. Жоба авторларының бірі – Жәнібек Кенжебаев алты жылдан бері шаруашылықты дөңгелетіп отырған кәсіпкер.

Жәнібек Кенжебаев, жоба авторы:

- Реалити-шоу арқылы біз көрермендерге және біздің отбасыларымызға заманауи технологиялар туралы көп мәлімет беріп жатырмыз. Мысалы қалай чип салу керек, қалай ен салу керек, қалай емдеу керек, қандай аурулар бар тағы басқа мәселелер туралы көз жеткізіп жатырмыз.

Жоба Алматы облысының Ақсеңгір ауылында түсірілген. Көпбалалы екі отбасы және дипломмен ауылға барған бір отбасы таңдалыпты. Оларға 30 қой мен екі сиырдан үлестірілген. Сала мамандары мал бағудың қыр-сырын үйретеді, жүргізушілер болса контенттің қызықты болуына жауапты. Маусым соңында ең көп төл алған отбасыға қомақты сыйақы қарастырылған.

Ақерке Тәтішева, Qunar Creative қоғамдық бірлестігінің президенті:

- Ауыл шаруашылығына деген қызығушылықты арттыру және сол арқылы бизнес жасап, табыс табудың жолдарын көрсету. Осы үш отбасы мал шаруашылығынан ең көп табыс табу үшін сайыс болады. Ең соңында жеңген отбасы, ең көп төл алған отбасы, ең көп табыс тапқан отбасы 10 млн теңгеге ие болады.

Qunar+ реалити-шоуы 24 бөлімнен тұрады. Ол «Хабар» арнасынан айына екі рет жексенбі күні 19:00-де көрсетіледі. Бұл жобала мал шаруашылығына қызыққан көрермендер үшін кәсіпті дөңгелетудің қыр-сыры көрсетіледі.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев