Отандық анимацияның жағдайы қалай?

Бүгін халықаралық анимация күні.

Кішкентай көрермендерін таң-тамаша етіп жүрген отандық анимацияның өз жағдайы қалай?

Мультипликациялық фильмдер қалай дайындалады?

Бұл толықметражды отандық анимациялық өнім жасап жатқан мамандар. 90 минуттық жобаны мамырда бастаған. Келер жылғы мамырға дейін бітірмекші. Алайда мұндай өнім шығаруға бұл уақыт жеткіліксіз. Себебі анимациялық жоба жасау көп уақыт пен қаржыны қажет етеді. 

Талас Оразбайұлы, 3D аниматор:

- Фильм керемет шықсын, жаңағы Диснейдікі сияқты әлемдік деңгейде шықсын дейтін болсақ, 1 кейіпкерге біз 1 ай отыруымыз керек. 1 ай отырып, сүйегін салу керек. Әрбір эмоциясын, қасының көтерілгені, максималды биіктігі, түскені, ашқан, жұмғаны деген сияқтыны санап отырып, бүкілін қойып шығу керек. Оған кемінде бір ай кетеді.

Елде осындай анимациялық жобалар жасап жүрген 40-тан астам студия бар. Барлығы түрлі бағытта жұмыс істейді. Олардың ішінде әлемдік нарыққа шығып, жүлде алып жатқандары жетерлік. 

Жәнібек Оразалы, Қазақстан анимациялық киностудиялары қауымдастығының басшысы:

- Қазақстың тұңғыш анимациялық фильмі 1967 жылы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» Әмен Қайдар атамыздың жұмысы шықты ғой. Содан бері 50 жылдан асып кетті. Негізі де бар. Соңғы кездері жастар көптеген анимациялық фильмдер жасады. Олар халықаралық фестивальдерде жүлде алып жатыр, әлемдік нарыққа шығып. Сосын көптеген анимациялық киностудиялар шетелдерден, АҚШ, Катар, Еуропа, Қытайдан заказдар алып, орындап жатыр. Мұның өзі Қазақстандағы анимацияның қарқынды дамып жатқаныдығының белгісі. Сонымен бірге мемлекет жағынан да қолдаулар сезіліп жатыр.

Иә, мемлекет тарапынан жыл сайын қысқаметражды жобалар шығару мен осы саладағы білікті мамандар даярлауға қаржы бөлінеді. Ашық байқаулар ұйымдастырылып, шығармашылықты шыңдауға мүмкіндік беріледі. Алайда біздегі білікті мамандар мүмкіндігі әлдеқайда жоғары деңгейдегі қолдауды қажет етеді дейді Анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы Жәнібек Нұрбекұлы.

Мөлдір Молдағали, Марат Диханбай