Елордада III халықаралық Teatr All фестивалі басталды
Елордада үшінші халықаралық Teatr All фестивалінің шымылдығы түрілді, деп хабарлайды 24kz.
Дәстүрлі өнер мерекесі биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың шығармашылығын арқау етті. «Мәңгілік бала бейне», «Фариза», «Бопай ханым», «Сарра». Бүгінде Роза Мұқановадай театр үшін өндіртіп жазған қаламгерлер некен-саяқ. Ол театр қоржынын небір тағылымды туындыларымен байытқан қуатты қалам иесі. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белді ұжымдар мен Қырғызстан, Әзербайжаннан келген артистер бір апта бойына бас қаладағы сахналарда өнер көрсетеді. Ал олардың қарым-қабілетін көзіқарақты көрерменмен бірге, Әлия Бөпежанова, Амангелді Мұқан, Анар Еркебай сынды белгілі мәдениет майталмандары бағалайды. Фестиваль Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театры әзірлеген «Мәңгілік бала бейне» спектаклімен ашылды. Жалпы автордың да драматургияға сара жолы аталмыш қарашаңырақта театр кемеңгері Болат Атабаевтың ақ батасымен басталған болатын.
Роза Мұқанова, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуының» кезінде инсценировкасын жасаған болатынмын. Қырғыз театры алып келді. Әзербайжан театры алып келді, «Шатыс астындағы мен». Бұл біздің көрермендердің қолы жете бермеген шығармалар. Сондықтан театрдың есігі ашық, спектальді көруге келіңіздер.
Асхат Маемиров, музыкалық жас көрермен театрының директоры, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Түркі дүниесі, түркі мәдени кеңістігінде Роза Мұқанованың шоқтығы биік. «Мәңгілік бала бейне», «Сара», «Бопай ханым» осы қойылымдардың барлығы да рухани құндылығымызды дәріптейтін өміршең туындыларға айналды. Фестивальдің мақсаты да сол, Розам Мұқанованың драматургиясын дәріптеу. Осы жолы жаңа есімдерді ашқымыз келеді, әсіресе, режиссурада не болып жатыр.