Астанада әлемдік байқауларда ел абыройын асқақтатқан жастар марапатталды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдениет саласындағы беделді халықаралық байқаулардың 14 жас жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды 24kz.

Іс-шараға талантты жастармен бірге олардың ұстаздары мен ата-аналары да қатысты. Министр жас дарындарды қолдау және олардың шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Аида Балаева «Республика күні қарсаңында Президентіміз еңбегімен еленген әр саланың мамандарына мемлекеттік марапаттарын табыстады. Оның ішінде мәдениет саласының мамандары да Алматы, Астана қалаларында марапатталып, үлкен мәртебеге ие болды.

«Менің ойымша, еңбектің шынымен де бағалануы – ең үлкен бақыт. Бұл – ең бірінші кезекте ұстаздардың үлкен қажырлы еңбегі. Өйткені тынбай, әрқайсыңызды бөліп-жармай, өздеріңізге күш-қуаттарын, жігерлерін салып жүрген ұстаздарыңызға рахмет айтқым келеді», - деді министр.

Кездесу еркін форматта өтті. Жас таланттар өз жетістіктері туралы айтып, әлемдік байқауларға қатысуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдау үшін алғыс білдірді. Іс-шара соңында әлемдік байқауларда ел абыройын асқақтатқан жастар мен олардың ұстаздары алғыс хаттармен марапатталып, естелік сыйлықтар табыс етілді.