Елордада жас ақындар айтысы басталды
«Егемендігім – елдігім». Осындай атаумен елорда төрінде алғаш рет мектеп оқушылары арасында республикалық айтыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24kz.
Бұған Оқу ағарту министрлігі мұрындық болды. Мәреге кімнің жететіні бүгін анықталады. Жастар арасындағы аламан айтыста топ жарған жүйрік қоламен әспеттелген қоңыр домбыраны иеленеді. Айтысқа әр өңірден 22 жас ақын қатысып отыр. Бұған айтыс сахнасында атой салған айтыскер ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов төрағалық етеді. Жас ақындарға ақжолтай тілеген Аманжол Әлтаев: «Елдің сөзін сөйлейтін жастарды тәрбиелеуіміз керек», - дейді.
Аманжол Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе», деп Мұқаң айтқандай, бала кезінен баулымасақ, тәрбиелемесек, мына айтыстың төрінде жарқырап жүрген ақындарымыз секілді таланттар қайдан шығады? Соны бала кезінен бастап баулып, жетелеп осындай үлкен жарыстарға қатыстыру арқылы өнерін шыңдауды мақсат тұтып отырмыз.
Серікзат Дүйсенғазы, айтысты ұйымдастырушы:
- Айтыстың мақсаты – мектеп жасындағы ақындарымызды сахнаға тәрбиелеу. Дәстүрлі мәдениетімізді насихаттау. Айтыстың мақсаты көп қой. Тілді дамыту мәселесі, білімді, ағартушылықты ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында осыны жасап жатырмыз.