Ақтөбеде Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына орай ғылыми конференция өтті

Ағартушы ғалым, лингвист Құдайберген Жұбановтың туғанына 125 жыл толды, деп хабарлайды 24kz.

Айтулы күнге орай Ақтөбеде дәстүрлі халықаралық ғылыми конференция өтті. Ақтөбедегі өңірлік университетте өткен шараға филолог ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен Жұбановтың туыстары қатысты. Облыс басшысы Асхат Шахаров оқу ордасына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады.

«Жұбанов тағылымы» дәстүрлі халықаралық ғылыми конференция осымен 11-ші рет ұйымдастырылды. Биылғы басқосу тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, түркітанушы, педагог, лингвист – Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына арналды. Шарада сөз алған облыс әкімі Асхат Шахаров ел Президентінің құттықтау хатын оқып берді

Асхат Шахаров, облыс әкімі:

- Ағартушы ғалымның ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Оның мол мұрасын жан-жақты зерделеп, есімін ел жадында жаңғырту баршаға ортақ парыз. Осы орайда бұл басқосудың тағылымдық мән маңызы зор. Төл тарихымызда айрықша орны бар тұғырлы тұлғаның өмірі мен шығармашылық жолы жас ұрпаққа әрдайын үлгі, өнеге болады деп сенемін.

Құдайберген Жұбанов неміс, араб, парсы, моңғол, чуваш, коми, грузин, түркі тілдерін меңгерген. Қысқа ғұмырын қазақ тілінің әліпбиі мен орфографиясы, терминология, тіл білімінің фонетика, лексикология, грамматика салаларының көкейтесті мәселелеріне арнады.

Рақым Бекназаров, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры:

- Қазақстанның жалпы дамуына сол 20-30 ж.ж. бастап атсалысқан, міне, ірі тұлғаларымыздың бірі осы Құдайберген Жұбанов. Өзі 39 жасында атылып кетсе де, дегенмен, сол мемлекетіміздің дамуының стратегиясын құрып кеткен азаматтардың бірі. Соның ішінде мынау біз айтып отырған тіл саясаты. Ең алғашқысы – ол тіл саясаты.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында дүйім жұртқа беймәлім  фотолардың көрме ашылып, «Құдайберген Жұбанов: тұлға және уақыт. Фотомұрағат» кітабының тұсаукесері өтті.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов