Алматыда «Ұлы дала мұрасы» атты көрме ашылды

Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы музейде суретші Гауһар Бисенғалиеваның көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

«Ұлы Дала мұрасы» атты экспозицияға автордың 70-ке таяу туындысы қойылған. Дені киізден жасалған. Суретші көне материалды шебер пайдалана отырып, ұлтымыздың мол мәдени мұрасын паш етеді. Төл өнерімізді заманға сай жаңғыртып, оған жаңа кейіп берген автордың бұл еңбектері көпшілік көңілінен шықты. Көрмеден сонымен қатар жүнмен жұмыс істеуге арналған құралдар, дәстүрлі қолөнермен айналысқан қазақ шеберлерінің сирек фотосуреттерін де көруге болады. «Ұлы дала мұрасы» атаумен қалың жұртшылыққа жол тартқан іс-шара ай соңына дейін жалғасады.

Гаухар Бисенғалиева, суретші:

- Менің шығармашылығымымда киіздің орны бөлек. Себебі бұл жай ғана түрлі бұйым жасауға болатын материал емес, бұл алдымен ата-бабамыздан қалған мұра. Көрменің «Ұлы дала мұрасы» деп аталуы да осымен байланысты. Бұған дейін Ұлыбританияда дәл осындай көрме өткіздім, шетелдіктер біздің өнерімізге қатты қызығушылық танытты. Ал Алматыда тұңғыш рет өтіп жатыр.

Василий Жиров, Олимпиада чемпионы:

- Мұнда кірген бетіміз жаңа ғана. Бірақ әр жерде ілулі тұрған картиналар көз тартады, бірінен бірі өткен. Олардың әсемдігі өз алдына, әрқайсы қазақ халқының бай мәдениетін танытатын мағынасы терең жұмыстар. Маған өте қатты әсер етті.

 

 

Алматыда халықаралық фотокөрме өтіп жатыр

«Қазақстан. Қытай. Ресей. Қуат палитрасы» . Осындай атаумен Алматыдағы Орталық музейде халықаралық фотокөрме ашылды. Іс-шара үш елдің мәдени, стратегиялық, серіктестік байланысын нығайтуға бағытталған. Онда еліміздің және көршілес мемлекеттердің тұмса табиғаты, мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтары, сондай-ақ даму жетістіктері баяндалады. Фотокөрмеде кәсіби фотографтардың объективіне іліккен 600 сурет ұсынылып отыр. Оларды ел тұрғындары алдағы екі апта бойы тамашалай алады.

 

 

Астанада суретші Кәміл Муллашевтің шығармашылығы насихатталды

«Уақыт айнасы». Астанада осындай атаумен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі суретші Кәміл Муллашевтің жеке көрмесі ашылды. Келушілерге өнер иесінің 100-ге тарта шығармасы ұсынылды. Картиналар адам өмірінің құндылықтары, руханият туралы сыр шертеді. Туындылар қазіргі заманның түйткілдерін сипаттайды. Суретші жұмыстарының тағы бір қыры – уақытты сезіну және түсінуге талпынуы. Сол себепті де, Кәміл Муллашев көрмесін осылай атап отыр. Муллашевтің туындылары Париждің Гран-Пале, Мәскеудің Третьяков галереясында, соынмен қатар Франция, Англия, АҚШ секілді елдері жеке коллекцияларда сақтаулы. Автордың Ұлттық музейге қойылған еңбектерін ай соңына дейін тамашалауға мүмкіндік бар.