Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі Чехияда өнер көрсетті
Түркістан облысында қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне «Шәмші аллеясы» салынды. Кешен Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы өзі әнге қосқан Арыс өзенінің жағасынан бой көтерді. Аумағы атшаптырым демалыс орнында композитордың ескерткіші, үлкен сахна, субұрқақтар орнатылған. Одан бөлек, қылқан жапырақты 100 түп ағаш отырғызылып, гүлмен көмкерілген.
Жайлы орындықтар қойылып, келушілердің демалуына жағдай жасалған. Жауын мен ыстық күннен қорғайтын заманауи бастырмалар да саябақтың ажарын ашып тұр. Аудан тұрғындары жарық шамдармен безендірілген саябақ кешкісін тіпті әдемі болатынын айтады. Аллеяның жобалық құны – 240 млн теңге. Бар қазақты әсем әнімен әлдилеп, өнер көкжиегін кеңіткен «Шәмші аллеясы» аудан тұрғындары мен қонақтары үшін тамаша демалыс орны болмақ.
Лесбек Жүсіп, Ордабасы ауданының тұрғыны:
- Қазақ халқының өнерін аспандатып, биікке көтерген Шәмші атамыздың рухына бағыштап, үлкен аллея ашылуының өзі үлкен бір жетістік болып тұр. Сондықтан Ордабсы ауданында үлкен той. Шәмші атамыздай ұрпақ келе берсе деген ойламын.
Қыдырбай Сейітқұл, аудан әкімінің орынбасары:
- Бос жатқан бір азаматтың жер тұғын, келісім арқылы алып, осы жерге жалпы аумағы 1 гектар көлемінде Шәмшінің аллеясы салынып отыр. Жылда енді облыс көлемінде осы Арыс өзенінің бойында өзінің гала-концерті болады. Соған өзеннің жағасынан арнайы салып отырған жаймыз бар.
Хореографиялық училищеде іріктеу кезеңі басталды
Алматыдағы Александр Селезнёв атындағы хореографиялық училищеде іріктеу кезеңі басталды. Бастауыш сыныпты бітіріп келгендер балет әртісі, ал 9-сыныптан соң келгендер би ансамблінің әртісі мамандығына қабылданады. Кәсіби мамандар әр өңірден келген талапкерлердің дене бітімін, баланың биге деген қабілетін байқап көреді. Ата-анасының дене тұрқы да есепке алынады. Егер тиісті талапқа сай келсе келесі кезеңге жіберіледі. Жалпы бұл оқу орны қазақ балетінің қара шаңырағы саналады. Биыл ашылғанына 90 жыл толды. Қазір мұнда 400-ден астам бала оқып жатыр.
Әли Бектәлиев, А. Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің мұғалімі:
Дайындалып, 16 шілдеден бастап 3-тур конкурстан өтеді. 1-турдан 10-15 мұғалім отырып қараймыз. Бүкіл данныйын бәрін тексеріп омыртқасы түзу ме, 2-турда медицина қарайды. Ол құлағы, көзі, денсаулықтары қандай, соның бәрін тексереді. Одан өткен соң медицина, мұғалімдер – бәріміз қосылып қараймыз да, келе ме, келмей ме, содан өтсе, училищеге қабылдаймыз.
Ғасырлар қатпарынан сыр шерткен
Байырғы Афина мәдениеті Қытай төрінде. «Ежелгі өнер сұлулығының шексіз көріністері» атты көрме Қытайдың ұлттық мүзейінде ашылды. Оған археологиялық музей қорындағы 300-ге тарта ерекше артефакт қойылған. Бірегей жәдігерлер 5 мың жыл бұрынғы мәдениеттен хабар береді. Көздің жауын алар керамика, қола, алтын және шыны бұйымдары сол кезеңнің тынысын танытып тұрғандай. Десе де көрменің басты экспонаты – Книдалық Афродита мен Курос мүсіні. Бұл туындылар Ежелгі Грекияның эстетикалық құндылықтары қатарына жатады.
Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі Чехияда өнер көрсетті
Қазақ өнерпаздары еуропалықтарды тәнті етті. Чехия төрінде Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі концерт берді. Жерлестеріміз орындаған отандық және әлемдік классикалық музыка маржандары көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Олар қазақстандық ұжымның кәсіби шеберлігін жоғары бағалады. Ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті. Аталмыш кеш екі елдің димломатиялық һәм мәдени байланысын одар әрі дамыту мақсатын көздейді.