Париждегі Гиме музейінде Қазақстан көрмесі ашылды
Париждегі Азия өнерінің ұлттық музейі Гимеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары аясында «Қазақстан: Ұлы дала қазыналары» атты көрме ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Құнды жәдігерлерді паш ету екі ел арасында нығайып келе жатқан мәдени байланыстың маңызды бір кезеңіне айналды.
Қазақстан қазыналары туралы Париждегі көрме өте қысқа мерзімде дайын болды. Игілікті іс-шараға екі елдің президенттерінің өзі мұрындық болған. Ұлы дала жауһарларының экспозицияларын әзірлеген жарты жыл ішінде Гиме музейі Қазақстанның Ұлттық музейімен тонның ішкі бауындай жақын араласып кетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапарының қарсаңында бірден бірнеше келісімшартқа қол қойылды. Қос елдің мәдениет министрліктері ортақ ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласқан.
Рашида Дати, Францияның Мәдениет министрі:
- Бұл ынтымақтастықтың күшті мәдени қыры бар. Елдеріміздің арасындағы мәдениет нағыз байланыс өзегіне айналды. Сіздердің өркениеттеріңіз өте бай. Мәдениеттеріңіздің тамыры тым тереңде жатыр. Мұны көрмедегі жәдігерлерден, музыкадан, ұлттық киім үлгілерінен бірден байқауға болады. Ынтымақтастығымыз одан сайын тереңдей түспек. Музейлер, археология, мұралар бойынша келісімдерге қол қойдық.
Мәдениет министрі Рашида Датимен кездесуде кино өндірісі, әдебиет, балалар контентін жасау және креативті индустрия, оның ішінде этникалық сән әлеміндегі әріптестік талқыланды. Әлемде туристер ең көп баратын Лувр музейінің директорымен келіссөз жүргізу барысында еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тәжірибе алмасу, кадр даярлау және ғылыми зерттеулер бойынша ортақ мәмілеге келді. Гиме музейінің де жөні бөлек, мұнда бүгін Қазақстанның ұлттық көрмесі ашылды.
«Қазақстанның бес Джокондасы». Біздің көрмені Гиму музейінің басшылығы осылай бағалады. Символикалық мәнге ие тарихи жәдігерлер. Огюст Роденнен де көп ғасыр бұрын жасалған «Тобыл ойшылы», «Алтын адамның» ғажайып әшекейлері, балбалтас, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шырақтары мен Қазыбек бидің шапаны.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Бұл көрменің ең басты құндылығы, біздің кішігірім көрме болса да, ол біздің тарихымыздың негізгі кезеңдерін айшықтайды. Ол енді сақ дәуірінен бастап Қазақ хандығына дейін. Оны француз әріптестеріміз өте заманауи түрде паш етіп отыр. Өйткені, екіншіден, өзара біздің қарым-қатынастарымыз.
Көрме түпсіз терең иіріміне тарта білуімен құнды. Тұтас қабырға арқылы көрсетілген бейнефильмдер, үлкен талғаммен таңдап алынған әуезді дыбыстар 4 мың жылдық қазақ тарихына еркін бойлата алады.
Сауалнама:
- Таңдап әкелінген жәдігерлер бізге Қазақстанның бүкіл тарихын тұтас паш етіп тұр. Бұл заттар Францияда бұрын-сонды көрсетілмеген. Барлық француз көрермендерін бірден баурап алады деп ойлаймын. Өзім тарихшымын, мына жәдігерлерді жақыннан алғаш рет көріп отырмын. Өте керемет аураға тап болдым. Өте күшті эмоциялар сыйлайды.
- Бірінен соң бірі жарқырап көрсетіліп жатқан жәдігерлердің арасындағы тылсым көңіл түкпіріндегі небір асыл сезімді қозғап, тамаша үйлесім тудырады.
- «Алтын адамның» киім үлгілерін ақыры өз көзіммен көрдім. Керемет! Алматыда болғанымда көре алмаған едім. Қуанышым қойныма сыймай тұр.
Қазақстанның Гиме музейіндегі алғашқы көрмесі екі елдің мәдениет саласындағы ынтымақтастығының жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді. Аса ауқымды жобаға «Альстом Қазақстан», «Болат Өтемұратов қоры», «Визор Груп» және Кеңес Рақышев сияқты атымтай жомарттар қолдау көрсетті.
Авторлары: Ернат Рахметолла, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан.