Әлемдік бестселлер қазақ тілінде жарық көрді

Әлем әдебиетінің бестселлер романы қазақ тіліне аударылды, деп хабарлайды 24kz.

Кітаптың жарыққа шығуына «Мазмұндама» баспасы мен елдегі авто өндіретін Allur компаниясы мұрындық болған. Америкалық жазушы Дэниел Киздің «Алжернонға арналған гүл» атты романы көпшілікке танымал. Туынды әлемнің 50 тіліне аударылған. Бүгін елордада қазақша нұсқадағы кітаптың тұсаукесері өтті.

Қазір қазақ тіліне аударылған шығармалар аз емес. Алайда бұл – ғылыми фантастика жанрындағы тұңғыш туынды. Басты кейіпкері – мүмкіндігі шектеулі жан. «Сондықтан көтерген тақырыбы да өзекті», - дейді баспагер.

Шыңғыс Мұқан, Mazmundama баспасының негізін қалаушы:

- Ерекше бала туралы. Сондықтан бұл кітап арқылы біз қоғамның ерекше балаларға деген көзқарасын өзгерткіміз келді. Ерекше балалары бар ата-аналар, соның ішінде өзім де бармын. Үмітпен өмір сүреді. Мынау ерекше балалары бар ата-аналарға үміт сыйлайтын кітап.

Туындыны аударған «Мазмұндама» баспа үйі 2018 жылан бері 500-ден астам кітап шығарған. Сол секілді қазақша нұсқаның жарық көруіне елдегі авто өндіретін Allur кәсіпорны да атсалысты. Компания мемлекеттік тілді ілгерілетуге септігін тигізетін бастамаларды қолдауға әрдайым мән береді.

Айгүл Ахметова, «Allur компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрайымы:

- Бізде ұлттық контент деген стратегияның негізі болып табылады. Өйткені Allur компаниясының мақсаты ұлттық кадрлар дайындау. Ұлттық кадрлар дайындау дегенде, бұл ұлттық контент мазмұнының сапасын көтеру, кеңістігін ұлғайту деген сөз.

Кітап тұсаукесерінде шетел шығармаларын қазақ тіліне бейімдеп аудару ісіне қатысты бірқатар мәселе айтылды. Мысалы осы туындыны аудару құқығын алуға баспа 3 жыл жұмсаған. Аудару ісіне де көп уақыт кетті. Осылайша 5 жыл дегенде кітап оқырманға жол тартты.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Қанат Махмұтов