Сеул тұрғындары қазақ мәдениетімен танысты
Оңтүстік Кореядағы қазақ диаспорасының өкілдері Сеул қаласының Кванджин ауданында өнер көрсетті, деп хабарлайды 24kz.
Оған Орталық Азия мәдениет және өнер қауымдастығы мен Сеул мэриясы мұрындық болды. Іс-шара Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы дипломатиялық қатынасқа 32 жыл толуына орай өтіп отыр. Концертте қазақтың заманауи және халық әндері шырқалды. Сондай-ақ келушілер киіз үйдің жабдықтарын қызықтап, қазақтың ұлттық киімін киіп көруге мүмкіндік алды. Сән көрсетілімі де ұйымдастырылды. Ұлттық болмысымызды танытатын бұйымдардың дені дизайнер Динара Қошқарбаеваның қолынан шыққан.
Динара Қошқарбаева, ұлттық киім дизайнері:
- Осындай керемет іс-шара өтіп жатыр. Соған біз Қазақстан өкілеті, Қазақстанның студенттерімен бірге фэшн шоуға да қатысып, қазақтың атын шығарып жатырмыз.
Түркістанда «Жан пида» қойылымы сахналанды
Түркістанда Райымбек Сейтметов атындағы драма театрында – премьера. Бұл жолы өнерпаздар жазушы, белгілі қоғам қайраткері Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» романын сахналады. Әйгілі шығарманы театр тілінде сөйлеткен режиссер, «Құрмет» орденінің иегері Мұқанғали Томанов. Оның айтуынша, қойылым әр адамды табиғатты аялауға, оған жауапкершілікпен қарауға үндейді. Режиссер бұған дейін «Болмаған оқиға», «Жалғыздық» қойылымдары арқылы жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Жаңа туындыны көзіқарақты көрермен жылы қабылдады.
Елордада Қазанғап күйлері күмбірледі
Елордада Мәдениет саласының үздігі Еділ Басығараевтың «Күй шақырғыш» атты шығармашылық кеші өтті. Төл өнеріміз дәріптелген шара дәулескер күйші-композитор Қазанғап Тілепбергенұлының 170 жылдығына арналды. Сол себепті концертте бастан аяқ Қазанғаптың күйлері күмбірледі. Оның екеуі нотаға түспей, бізге беймәлім болған. Әр күй орындалмас бұрын кеш авторы шығу тарихын таныстырды. «Бұл тыңдарман оны терең түсу үшін қажет», - дейді. Еділ Басығараев – Қазанғап мектебінің ізбасары. Дара күйшінің мұрасын насихаттау мақсатында «Толқында» жинағын шығарды.
Еділ Басығараев, күйші:
- Қазанғаптың осы уақытқа дейін 79 күйі кітапқа түсті. Оны 50 жыл бойы Қазанғапты зерттеген біздің ұстазымыз Абдулхамит Райымбергенов деген кісі «Күй төресі – Қазанғап» деген жаңа күйлері шықты. Зерттеген еңбегінің арқасында міне, Қазанғаптың екінші өмірі басталағандай. Біз де осы концертте сол күйлері әрі қарай дамытуға тырысамыз.