Берлинде қазақтың Алдар Көсесі мен Шықбермес Шығайбайы немісше сөйлесті

Алдар Көсе немісше сөйледі. Берлинде ұлттық фольклордың танымал образдары жергілікті жұртқа көрсетілді, деп хабарлайды 24kz.

Мәдени шараны Германия Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Түрікменстан, Түркия мен Өзбекстан елшіліктері ұйымдастырды. Жиында әр ұлт өз мәдениетіндегі ұқсас кейіпкерлерді түрлі қойылымдар мен көрмелер арқылы паш етті.

Дәл осылай Алдар Көсе Шықбермес Шығайбаймен немісше сөйлесіп, айласын асырып тұр. Тапқыр Алдардың өзі де, салған әні де, неміс балаларына таңсық дүние. Бәлкім содан болу керек Гензель мен Гретельді, Қызыл телпек пен Рапунцельді біліп өскен балақайлар Алдар Көсенің әр амалына ерекше назар аударды. Қазақ мәдениетімен енді танысып жатқан ересектер де шараның маңыздылығына баса мән беріп, елімізге саяхаттап келуге қызығушылықтарының артқанын айтты.

Марен Шелленберг, Штеглиц-целендорф ауданының бургомистрі:

- Меніңше, осындай мәдени шаралардың біз үшін маңызы зор. Біз Целендорф ауданы болып бас қосып, өзге мәдениеттердің озық туындыларына куә болып отырмыз. Және мұндай шаралар ой бостандығына жетелейді. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт демалып, жаңа идеяларға қол жеткізуге болады. Осы уақытқа дейін Қазақстанда болып көрмеп едім, енді алдағы уақытта саяхаттап барсам ба деген ой келіп тұр.

Катлин Гёбель, Cultur Cooperation ұйымының өкілі, ұйымдастырушы:

- Бұл шараның ұйымдастырылуына қатысушы елдер мен Германияның Сыртқы істер министрлігі өкілдері зор үлесін қосты. Өте салмақты деңгейде өтіп жатыр. Мен Ислам мәдениеті мен Орталық Азияны зерттейтін маман ретінде осындай, балалар тәрбиесінде қолданылатын Қожанасыр мен Алдар Көсе образдары ерекше қызық мысалдар деп бағалар едім. Біз үшін бұл образдарды Германия балаларына жақын ете түсу зор жетістік. Себебі әр оқиғаның өзіндік тәрбиелік мәні, айтар ақылы бар.

Қойылымдардан бөлек көрермендерге неміс субтитрлері қосылған Ш.Аймановтың қазақ тіліндегі «Алдар Көсе» фильмі мен қазіргі қазақ балаларына етене таныс «Алдар Көсе» анимациялық серияларынан үзінді көрсетілді. Ұлттық музыкалық аспаптардан ән мен күй төгілді. Көршілес елдермен қатар қолөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылып, қазақы дастарқан жайылды.

Йенс Вагнер, Германия СІМ Мәдениет және бақ істері бойынша өкілі:

- Бірнеше елшіліктің арқасында осындай шараның ұйымдастырылып отырғанына өте қуаныштымын. Қожанасыр мен Алдар Көсе образдарынан үйренер дүние көп деп ойлаймын. Әзіл қалжыңмен күлдіріп қана қоймай, сыни тұрғыда ойландырып, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажыратуда көмектеседі. Германия Сыртқы істер министрлігі өкілі ретінде Қазақстанмен байланысымыз жақсы деңгейде дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Экономикалық, саяси ынтымақтастығымыздан бөлек, осылай мәдени байланыстардың тереңдей түсуін де ойластыру керек екен.

Алдар Көседен бөлек, Орталық Азия мен Жерорта теңізі - Балқан аймағы халықтарының ертегі кейіпкерлері де сахнадан орын тапты. Аталған өңір мәдениетіне қызыға түскен неміс жұрты енді көктемдегі Наурыз мерекесін де асыға күтетінін жасырмады.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан