Алматыда авторлық қуыршақтар көрмесі ашылды

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде авторлық қуыршақтар мен Тедди қонжықтарының халықаралық көрмесі ашылды.

Дәстүрлі шараға биыл ел аймақтарынан және Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген 50-ден астам шебер қатысты.

Бұл қуыршақтар – ойыншық қана емес, шеберлердің көз майын тауысып жасаған шығармашылық туындылары. Әрбір қуыршақтың өз тарихы бар, жасалу техникасы да ерекше. Авторлық қолтаңба да байқалады. Мәселен, Көкшетаудан келген Анастасия Елисеева әр қуыршақтан көрермен өзінің жүрегіне жақын нәрсені көре алады, дейді. 

Анастасия Елисеева, қуыршақ жасау шебері:

- Райхан деген қуыршақ мен үшін сондай әдемі, өте нәзік, хош иісті деп айтар едім. Яғни мен қуыршақты жасағанда оны көрген адам белгілі бір затты елестетіндей рең беремін. Райхан қуыршағына бір нәзік гүлді, хош иісті, жұмсақ, сондай жайлы нәрсені сіңіргім келді.

Қуыршақтар әртүрлі материалдардан жасалған. Полимер, керамика, тоқыма, пластик, табиғи тастар – қуыршақтың өзіндік табиғатын, болмысын ашу үшін қолданылады. Шеберлердің жұмысында көркемдік пен техника ерекше үйлесім тапқан. Көрме аясында «Жібек жолының алтын ғасыры» ұзақ мерзімді жобасы да ұсынылды. 

Татьяна Семёнова, көрменің ұйымдастырушысы:

- Жібек жолы жобасы ұлттық тақырыптағы туындыларды қамтиды. Шеберлер жібек маталар, бағалы тастар болған кезеңде адамдардың қалай киінгенін көрсетуге, талғамның жоғары болғанын аңғартуға тырысты. Мұның бәрі тарихпен байланысты, әрқайсысы терең зерттелген. 

Қуыршақ шеберлерінің 150-ге тарта авторлық туындылары қойылған көрме алдағы уақытта Самарқанға апарылады. 

Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев