Мұхамеджан Тынышбаевқа қатысты құнды архив құжаттары елге әкелінді
Алматыдағы Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінде Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевқа қатысты Санкт-Петербор мұрағаттарынан табылған материалдардың көшірмесі таныстырылды, деп хабарлайды 24kz.
Верный қаласындағы ерлер гимназиясын тәмамдаған Мұхамеджан Тынышбаев I Александр атындағы Санкт-Петербор теміржол көлігі институтында білім алады. Елімізге әкелінген архив құжаттары қатарында Тынышбаевтың сол жоғары оқу орнындағы студенттік куәліктері, өз қолымен толтырылған өтініштері, фотосуреттері бар. Биыл қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері, Түркістан – Сібір теміржолы құрылысын жобалау мен салуға белсене қатысқан Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына 145 жыл. Сондай-ақ биыл «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеті шетелдік архивтен еліміздің тарихына және танымал тұлғаларға қатысты құнды деректер әкелінді.
Гүлбану Жүгенбаева, Тарих ғылымдарының докторы, тынышбаевтанушы:
- Бұл жолғы олжамыз Мұхамеджан Тынышбаев білім алған университеттің түлегі ретіндегі аты-жөні, фамилиясы жазылған кітаптың сандық нұсқасын біз түсіріп алдық. 1927 жылы ең алғаш Түрксібті қолдау комитетінің мүшелері қатарында Мұхамеджан Тынышбаев отырған құжаттық суреті берілген кітапты арнайы кездестіріп, сол кітаптың сандық нұсқада көшірмелері әкелінді.