Президент А.Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойына орай құттықтау жолдады

Қазақтың аяулы ақын қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Ақұштап Бақтыгереева 80 жаста. Ойлы жырларымен талай ұрпақты тәрбиелеген қаламгердің мерейтойына арналған бүгін Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық-музыкалық театрында іс-шара өтті, деп хабарлайды 24kz.

Оған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Қазақ поэзиясының «Ақ шағаласы» атанған Ақұштап Бақтыгерееваға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысының жылы лебізін Мәдениет және ақпарат министрі жеткізді.

«Қазақ поэзиясына өзіндік өрнегіңізбен келіп, айшықты ойлар мен айрықша дара шумақтарыңызбен танылдыңыз. Еліміздің мәртебесін асқақтатқан Тәуелсіздік пен бейбіт өмірді және табиғат сұлулығын арқау еткен, жалынды жырларыңызды талғамы биік оқырман жылы қабыл алды. Сонымен қатар отбасы құндылықтары, қыз баланың тәрбиесі, ананың қоғамдағы рөлі туралы пайымды пікірлеріңіз қолдау тауып келеді. Алдағы уақытта ел-жұрттың ортасында сый-құрметке бөленіп, шығармашылық ізденістеріңіз табысты бола беруіне тілектеспін. Сізге мықты денсаулық және отбасыңызға бақ-береке тілеймін!»,  - делінген жеделхатта.

Меретойға орай Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры ақынның қаламынан туған «Жұбан» спектаклін елордалықтарға тару етті. Ел ертеңі үшін қамығып, ұлтының тұтас тарихын қызғыштай қорыған арда тұлғаның ғұмыры көрерменге ерекше әсер етті.

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

- Осы тағдырдың берген жасында жұмысымызды, ұрпағым пайдаға асатын бірнәрсе қалдырдым ба деген үміт. Өзімді осындай өнерге жетелеген Жұбан ағама бір ескерткіш қойдым-ау деп ойлаймын. Бұл енді халықтың игіліне тараса, мен сонымен бақыттымын.