Астанада командалық ақындар айтысы өтті
Бүгін Астана аспанында ән асқақтап, күй күмбірледі, патша көңілді көрерменге тәлімді терме ұсынылды, деп хабарлайды 24kz.
Сарыарқа төрінде Астана қаласы мен Алматы қаласының хас таланттары арасында ұлттық өнердің байрақты бәсекесі өтті.
Екі өңірден келген өнерпаздар шаппа-шап айтысып, жыр-термеден сайысқа түсті. Осылайша, Республика және Тәуелсіздік күндерінің маңызы, Мемлекетік рәмізіміз бен ұлттық құндылығымыз насихатталды, ұлық өнер ұлықталды. Жұмыс күні болғанына қарамастан зал лық толып, кешті тапжылмастан тамашалады. Бұған дейін 20 өңірдің 16-сы өзара додаға түскен еді. Енді қалған 4 өңір жыл бойы жалғасқан жыр жәрмеңкесін түйіндейді. Жеңген командалар келесі кезеңге өтіп, 4 қаланың Астана төрінде дүбірлі додасы болады. Финалдық бәсеке келесі жылға жоспарланып отыр.
Серікзат Дүйсенғазы, «Құрмет» орденінің иегері, ақын:
- Мұның мақсаты – өңір-өңірлердің арасында мәдени байланыс орнату. Бүгінгі айтысымызды Астана қаласының әкімдігі, «Аманат» партиясы қолдап отыр. Бұл үлкен қолдау, мемлекет тарапынан. Далалық театрымыздың көрінісі – айтыс деген. Ал, дәстүрлі ән-күй, жыр-термеміз – баға жетпес байлығымыз. Осының бәрін бір жобаға сыйдырып, бәрін насихаттау – бұл керемет жоба, мұның ешқандай баламасы жоқ.