БҚО филармониясының әртістері елорда төрінде өнер көрсетті
Ару Ақжайықтан – ерке Есілге. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әртістері елорда төрінде өнер көрсетті.
Әсем ән әуелеп, күміс күй төгілген кеш шымылдығы Махамбеттің «Ақжелең» шығармасымен ашылды. Алқа топтың алдында Қатимолла Бердіғалиев, Қайрат Кәкімов, Сәуле Таудаева сынды батыс өнер мектебінің белді өкілдері ән-жырдан шашу шашты. Дүлділ әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің атын иемденген филармонияның құрылғанына 60 жыл толады. Бүгінде қара шаңырақта 10-нан аса өнер ұжымы жұмыс істейді. Ұйым биыл ән абызының 115 жылдығын атап өтуде. Осы мақсатта өңір-өңірді аралап, халықты дәстүрлі ән мен күйге сусындатып жүр.
Ернар Өмірәлі, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы директорының орынбасары:
- Біз осыдан 10-15 жыл бұрын Конгресс холлда концерт берген болатынбыз. Сол кезде абыз ақсақал әбіш атамыз «Орал – қазақтың Венасы» деген атақ берген болатын. Енді біраз жыл өткеннен кейін осы жерге келіп, тарихты қайталаймыз ба деп келіп отырмыз. Оның үстіне айта кететін жайт, Биыл біздің филармония атын иемденген Ғарифолла атамыздың 115 жылдығы. Барлық облыстың бүкіл аудандарын аралап, Алматы, Астана қалаларын қосқанда үлкен -үлкен концерттер беріп, халыққа есеп берген болатынбыз.