Қазақ классигі Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл
Бүгін – заңғар жазушы Бейімбет Майлиннің туған күні. Қарасөздің шебері ұлт руханиятын байытқан небір соқталы шығарма жазып қалдырды. Өнерге талпынысы өлең жазудан басталған қаламгер поэзиядан прозаға ойысып, драматургия сынды күрделі жанрға да түрен салды.
Бейімбет десек, әдебиеттен есімізге Қырымбайдың қырсықтығы, Мұқыш, Ыбырай, Мырқымбайдың маңғаздығы түседі. Себебі ол қарапайым ауыл тұрмысын, ондағы адамдардың бет-бейнесін астарлы әзіл арқылы шебер суреттеді. «Оның қаламы қоғам шындығынан суарылған», – дейді аға буын. Болмысы бөлек, табиғаты тосын қалам иесі бір өзі қазақ драматургиясындағы комедия жанрын қалыптастырды. Күлкінің алапат күш екенін ерте ұғынған жазушы осылайша түйдек ойымен солақай саясатты түйреп отырды.
Қуаныш Жиенбай, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Бейімбеттің стилі оны қайталау өте қиын. Қысқа, нақты. Оқырмандарының сұранысына не керек және өзінің кеудесінен шыққан кейіпкерлерді сөйлету жөнінде Бейімбеттің стилі ешккімге ұқсамайды. Би-ағаң – осымен қазақ әдебиетінің көгінде жарқырап жататын жұлдыздың бірі.
Кедей шаруаның шаңырағында дүниеге келген Бейімбет Майлиннің таланты ерте танылды. Ол «Шұғаның белгісі» атты тырнақалды туындысын медресе қабырғасында оқып жүріп жазған. Ұлттың құнарлы тілінде, қарасөздің майын тамыза отырып, небір соқталы шығармаларды әдебиет қоржынына қосты. Әсіресе ат қойып, айдар тағу, қысқа да нұсқа әңгіме жазудың хас шебері. Сондай-ақ театр мен кино саласының дамуына сүбелі үлес қосқан. Бүгінде жазушының бізге там-тұмдап жеткен пьесасы 20-ға жуықтайды. «Амангелді» атты қазақтың алғашқы фильміне сценарий жазғандардың бірі Би-ағаң болатын.
Айгүл Кемелбаева, әдебиеттанушы:
- Ол кісі өзінің кім екенін білген. Шығармашылығының қандай дәрежеде екенін білген. Өйткені жұбайы Күлжамалға, сол кісіге айтқан екен: «Менің қағаздарыма тиіспеңдер. Жинай беріңдер, кейін сендерді асырайды». Бұл деген – өзінің рухани болмысын білу. Қысқа әңгіменің шебері. Ал әңгіме – күрделі жанр. Образ бере білуі. Өз заманын, өз дәуірін көрсетуі ғажап.
Бейімбеттің тағдыры сол кездегі тұтас қазақ халқының тағдыры іспетті. Қиындықты көп көрген қаламгер қайта қайраттана түсіп, қазақ қоғамына қалтқысыз қызмет етті. Қоңыраушы, Жолаушы, Быж, Көз... Мұның барлығы – Бейімбет Майлиннің лақап аты. Зерттеушілер оның 74 бүркеншік есімі болғанын айтады. «Үш бәйтеректің» бірі Бейімбет 1938 жылы жазықсыз тұтқындалады. Саяси репрессияның құрбаны көп ұзамай атылады. Небәрі 44 жыл өмір сүрді. Бірақ қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ әдебиетін көркем шығармалары арқылы кемел биікке көтеріп кетті.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Ғалымжан Әбділахат.