Ақтауда Syrmaq Fest көрме-фестивалі өтіп жатыр
Ақтауда Syrmaq Fest атауымен көрме-фестиваль өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Танымдық шара сырмақ тоқудың әр өңірге тән ерекшелігін дәріптеуді көздейді. Фестивальге 10 облыстан қолөнер шеберлері жиналды. Он саусағынан өнер тамған ісмерлер мал жүнінен тоқылған бұйымдарды көпшілік назарына ұсынып, өзара тәжірибе алмасады. Маңғыстаулықтар екі күнге жалғасатын көрмені тамашалап қана қоймай, тегін шеберлік сабағына қатыса алады.
Айару Марат – көрме-фестивалдің ең жас қатысушысы. Орал қаласының тумасы бесінші сыныпта оқиды. Қаршадай қыз көрмеге әкелген көне сырмаққа көрермен ықыласы ерекше болды. Ісмер әжесінің ізін қуған немересі пойызбен Ақтауға жеткенше шағын сырмақ тоқып шыққан.
Айару Марат, көрме-фестивалге қатысушы (Орал):
- Менің әжеме сыйға берілген сырмақ. Құдағайы осы Алматы қаласынан Бөкейорда ауданы Құрманғазы ауылына дейін жасап, алып келген. Мен Ақтауға алғаш келуім. Және де бұл дөңгелек сырмақты көркем еңбек пәнінен беретін мұғаліммен бірге жолшыбай кестелеп, тігіп келдім.
Ақмола облысының қолөнер шеберлері мал жүні және матадан әзірленетін бұйымдардың түр-түрін әкелді. Көпшілікті әсіресе балалар мен әйелдерге арналған сөмке, қолдорбалардың жасалу әдістері қызықтырды.
Айжарқын Әшібекова, көрме-фестивалге қатысушы (Астана):
- Бұл сөмкелердің басқа сөмкелерден ерекшелігі – табиғи материалдардан жасалған. Өзіміздің ұлттық өнеріміз оюлар, кестелермен солармен өрнектеліп жасалған. Ертең-арғыкүні, екі күн бізде шеберлік сағаттары өтеді. Сол шеберлік сағаттарына осы Маңғыстау тұрғындарын шақырамыз.
Ісмер Нұрғаным Сабырбаеваның қой жүнінен кестелеген кілемше-паннолары алыстан көз тартады. Этнодизайн түрінде үй қабырғасына ілінетін сәндік тауар маңғыстаулық шебердің қол еңбегі.
Нұрғаным Сабырбаева, көрме-фестивалге қатысушы (Ақтау):
- Бірінші талдырма жасап, талдырмадан кейін суретін саламыз. Суретті сол жүннен саламыз. Жүнді бояп бірінші. Керек түсін таңдап, сөйтіп жасаймыз. Суретшілер суретті масломен қолданса, біз жүнмен қолданамыз.
Бибігүл Кәрденова, Urshyq республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы (Астана):
- Бұл жерде бір-біріне шеберлік сабақтарына көрсете отыра, танысады. Әрі қарай да бірлесіп жұмыс істейді. Бірі білмегенін біріне үйретеді. Мен өзім жүнді мәнерлеп салып, жүнмен қалай жұмыс істеу керек, жүннің құпиясын, қыр-сырын ашуға өзім дайынмын.
Айта кеткен жөн, тігіншілік өнерге ден қойғысы келетін қыз-келіншекке бұл шараның берері мол. Сырмақ тоқудан бөлек ұршық иіру, мал жүнін өңдеп әртүрлі бұйым жасау жолдары көрсетілетін шеберлік сабақтары 17 қарашаға дейін «Достық» үйінде өтеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев