Оңтүстік Кореяда қазақ киносының фестивалі өтті
Оңтүстік Корея астанасы Сеулде қазақ киносының фестивалі өтті, деп хабарлайды 24kz.
Сеулдегі елшілігіміз ұйымдастырған тегін көрсетілім Шинхан университетінің кинозалдарында жүрді. Көрермендер «Бүркіт», «Паралимпиадашы», «Нартай» және «Менің үлкен қазақ отбасым» фильмдерін тамашалады. Осы мемлекеттегі Төтенше және өкілетті елші Нұрғали Арыстанов көрсетілімге қатысқан фильмдердің қазіргі қазақстандық қоғамның мәдени әртүрлілігін, жетістіктері мен қиыншылықтарын көрсететінін атап өтті. Фестивалдің ашылу фильмі ретінде режиссер Дархан Сәркеновтың «Өткеннен оралған батыр» картинасы таңдалғаны кездейсоқ емес. Фантастикалық комедия Алтын Орда елшісінің бастан кешкен оқиғаларын баяндайды.
Нұрғали Арыстанов, ҚР Корея Республикасындағы елшісі:
- Биыл біз Қазақстанда Жошы ұлысының 800 жылдығын тойлап жатырмыз. Сондықтан тарихпен байланысты бір шағын көрсетілім болса деген ой болды. Екіншіден еліміздің киноиндустриясы өте қатты дамып жатыр. Сондықтан таңдау өте қиын. Бізде ондай тамаша фильмдер көп.
ЯнУн Кём, Шинхан университетінің студенті:
- Мен бұрын Қазақстан туралы аз білетін едім, бірақ фильмді көргеннен кейін сіздің елге қызығушылығым оянды. Бүгінгі іс-шара Қазақстанды жақындата түскендей болды. Фильм ойлағанымнан да қызықты болып шықты. Енді басқа қазақстандық фильмдерді көрсем деймін.