Алматыда «Уақыт резонансы» атты көрме ашылды

Алматыдағы орталық музейде қоғам қайраткері, суретші Болат Мұхамедиевтің жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Ол «Уақыт резонансы» деп аталады. Мұнда жұрт назарына 52 жұмыс ұсынылып отыр. Бұл туындыларда автор уақыт өзгерістерін, оның қоғам мен адам өміріне әсерін көркем тілмен жеткізген. Әр картинаны тамашалай отырып, адамзат пен кеңістік арасындағы байланыс туралы жаңа ойға шомасың. Болат Мұхамедиев өнер жолында түрлі жанрда қалам тартты. Ал абстрактілі бағытқа бет бұрғанына көп бола қойған жоқ. Десе де, былтыр оның еңбегі Францияда 68 ел қатысқан байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Жаңалыққа жаны құмар суретші Қазақстанда цифрлық графика мүмкіндіктерін бейнелеу өнеріне енгізуге талпынып жүр.

Болат Мұхамедиев, суретші:

- Холостқа бірден карандашпен саласың. Майлы бояумен біткен кезде қалай шығатынын білмейсің. Өзгерту керек болады. Өзгерту үшін қайта бояйсың. Мына графикалық живопись дегеннің бір жақсы жері, компьютерде бәрін өзгертіп жөндеп, сондан кейін холостқа үлкейтіп шығарып, сосын майлы боямен саласың. Қате болмайды. Цифрлық графика шетелде дамыған. Қазақстанда мен бірінеші рет енгізіп, жастарға үлгі болсын деп жасадым.

 

Оралда танымал ақын Бауыржан Халиолла оқырмандарымен кездесті

Оралда танымал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Халиолла оқырмандарымен кездесті. Қадыр Мырза Әли атындағы өнер орталығында еркін сұхбат сипатында өткен кеште қаламгер өміріндегі сәулелі сәттерін айтып, сиясы кеппеген тың туындыларын көпшілікке тарту етті. «Қазақ айтысының қайқы қылышы» атанған Бауыржан Халиолла жазба поэзиясымен де жыр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген жан. «Жұмбақ қыздың жанары», «Нәзік бұлт көшіп барады», «Жұлдыз жауған жарық түн», «Жан тебіреніс», «Жүрегімдегі жазулар» атты жыр жинақтарының авторы. Кеште ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, өлеңдері оқылды. Бүгінде Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға жетекшілік ететін қайраткер өнер ордасының алдағы жұмыс жоспарларын ортаға салды.

Бауыржан Халиолла, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Өз-өзіме қатаң талап қойып, үнемі есеп беріп келе жатқан адаммын. Сондықтан маған халықпен кездесу таңсық емес. Өйткені бүкіл өмірім, бүкіл жасап жатқан ісім елдің көз алдында. Дегенмен, екінің біріне айта қоймайтын, айта бермейтін сәттер болады, ойлар болады. Сол ішімдегі сезімге толы кейбір сәттерді ақтаруға мүмкіндік берген кеш. Сондықтан барша Қадыр орталығына, қаумалап, қолпаштап келген халқыма алғыс айтам!

Жансая Мусина, айтыскер:

- Қыранның қос қанатындай деп айтып жатыр ғой, поэзия мен айтыс суырыпсалмалықты тең ұстана білген ақын «айтысқа қайқы қылыш» атымен танылған тамаша дауылпаз ақын. Баукеңнен өмір жолында көптеген үлгі алдық, өнеге алдық, ағалық қамқорлығын сезіндік. Оны әрқашан мақтанышпен айтып отырамыз.

 

Алматыда Мәлік Қайдаровтың шығармашылығына арналған көрме өтті

«Менің жанымның бояулары». Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында ашылған кезекті көрме осылай аталады. Ол белгілі қылқалам шебері, кескіндемеші Мәлік Қайдаровтың шығармашылығына арналған. Көрмеге этюд, пейзаж, портрет, графикалық жанрда салынған 30-дан астам туынды қойылған. Мәлік Қайдаров еңбектерінің ең бір ерекше тұсы – қанық түстер басым. Әсіресе, табиғат тақырыбына салынған суреттерде мұны аңғару қиын емес. Кей шығармалары өмірбаяндық болып келеді.

«Мұндағы мақсат – өз өмірімнің кей белестерін бейнелей отырып, көрерменді де өткен шаққа ой жүгіртуге жетелеу» - дейді. Бұған дейін автордың осы іспетті көрмесі Швейцария, Ресейде жұртшылық назарына ұсынылып, оң бағасын алды.

Мәлік Қайдаров, суретші:

- Біздің далалықтардың мәдениеті өте жоғары болған. Көп нәрсені біздің далалықтар кілем арқылы, текемет арқылы айтып тастаған ғой бәрін. Дүниенің структурасын дейді ғой. Әр оюдың, әр орнаменттің философиялық мәні бар. Ал біздің мақсатымыз соған алып бару. Сол секілді барлық нәрседен форма іздеймін. Сол кезде қайталанбайтын дүние шығады.