Елордада Рашид-ад-Дин мен Рузбихан еңбектерінің тұсаукесері өтті
Еуразия ұлттық университетінде профессор Ержан Исақұловтың аудармасымен жарық көрген Рашид-ад-диннің «Жамиг-ат-тауарих» және Рузбихан Исфаханидың «Мехман нама-и Бұхара» кітаптарының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды 24kz.
Іс-шараға белгілі ғалымдар, жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Рашид-ад-диннің «Жамиг-ат-тауарих» еңбегі – түркі халықтарының тарихын, Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының өмірін шынайы сипаттайтын құнды дереккөз. Бұл еңбек алғаш парсы тілінен қазақшаға аударылып, кейін орыс тіліне тәржімаланды. Аудармада Шыңғыс хан ата-бабаларының мекендері мен қазақ даласындағы тарихи орындарға қатысты тың деректер берілген. Ал Рузбихан Исфаханидың «Мехман нама-и Бұхара» шығармасы XV-XVI ғасырлардағы қазақ халқының шығу тегі, әлеуметтік құрылымы, діни-рухани болмысы мен Қазақ хандығының халықаралық байланыстары туралы маңызды мәліметтер ұсынады. Еңбекте Шайбани ханның өмірі мен қызметі егжей-тегжейлі баяндалған. Бұл еңбектер түркі тарихын зерттеуге қосылған құнды үлес ретінде жоғары бағаланды.
Абай Тасболатов, тарих ғылымдарының докторы:
- Бұрыннан бері тарихымыз жоқ деп алып келді білесіздер, Кеңес Одағы уақыттарында. Ондай емес. Соған байланысты терең қазып, ана мұрағаттарға, музейлерге барған. Ираннан алып келген кітапты. Бармаған жері жоқ, Нидерланды Гаагаға дейін барған. Архивтерге барып дәлелдеп, карталарды алып, осындай кітап шыққан. Қазақшасы да, орысшасы да.