Сақ дәуіріне тиесілі алтын әшекейлер мұражайға тапсырылды

Сақ дәуіріне тиесілі алтын әшекейлер мұражайға тапсырылды

Биыл Жетісу облысындағы обалардан алтын әшекейлер табылды, деп хабарлайды 24kz.

Мұндай зергерлік заттар қыш құмыралар, жануарлардың сүйегінен ойылған айдаһар Талдықорған маңындағы Дауылбай қорымынан былтыр да қазып алынған еді. Кейінгі екі жылда аймақта археологиялық зерттеу жүргізген ғалымдар атқарылған ауқымды жұмысын қорытындылады. «Жетісудың тарихи мұралары» тақырыбындағы конференцияда ғылыми еңбектер таныстырылып, көне жәдігерлер көрсетілді.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

-Дауылбай қорымынан табылған алтын әшекейлер ерте темір дәуіріне жатады. Олар негізінен аң стилінде жасалған. Мәселен, мына асыл тастармен безендірілген тауешкі мүсініндегі сырғаның үстінде тәж бейнеленген. Ал, мына бұйымдарды ғалымдар Алтын киімді адамның бөлшектері болуы мүмкін деп топшылайды.

Дегенмен, бұл болжам кешенді зерттеуді әрі терең талдауды қажет етеді. «Себебі, қазылған обалар сол заманда тоналған», - дейді профессор Досбол Байғұнақов. Археологиялық экспедиция жетекшісі табылған бұйымдарға қарап көне өркениет туралы тұщымды тұжырым жасап отыр.

Досбол Байғұнақов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, профессор:

- Жетісу өңірі сақ мәдениетінің негізгі орталықтарының бірі болғанын нақты көрсетеді. Біздің ойымызша, барлық заттар жергілікті халықтың жергілікті кен орындарынан жасалған туындылары болып табылады.

Талдықорғанның іргесіндегі Дауылбай қорымында жүзге жуық сақ қорғаны бар. Ғалымдар аумақты зерттеп, үш патшалық обаны қазды. Одан алынған көне жәдігерлерге сараптама жасатқан. Соның негізінде «Дауылбай обалы қорымы» деп аталатын ғылыми еңбек жазылды.

Хамит Амантайұлы, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалым хатшысы:

- Оба о баста қалай құрылды, оның мәдени қабаттары қалай жасалған? Қандай рәсімдер жасалған. Оба кеңістігінде орналасқан орлары осының бәрі мән-мағыналары осы кітапта ашық беріліп отыр.

Жетісу өңірі петроглифтерге де бай. Сондықтан аймақты тасқа қашалған суреттердің астанасы деп атайды. Соның бір шоғыры орналасқан Арқарлы тауы зерттеліп жиналған мағлұматтар кітап етіп басылды.

Александр Горячев, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері:

- Жетісу облысында петроглифтердің 25 кешені анықталды. Олар негізінен Арқарлы, Баянжүрек, Ордакөл және Ешкіөлмес тауларында салынған. Суреттердің саны 100 мыңнан асады. Петроглифтер ерте кезеңдерден бастап, орта ғасырларға дейінгі аралықты қамтитындығымен құнды. 

Биыл аймақтағы тарихи орындарға он экспедиция ұйымдастырылды. Нәтижесінде 200-ден аса ескерткіш тіркеуге алынған. Атқарылған жұмыс ғылыми конференцияда қорытындыланып, алдағы жоспар айқындалды.

Ғалымжан Оспанов, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының директоры:

- Міндетті түрде Дауылбай қорымын жалғастырсақ па деп отырмыз. Қойлық ескерткішіміз бар. Ол ЮНЕСКО көлемінде. Ол жерде де Марғұлан атындағы институты ақырындап зерттеу жұмыстарын жүргізсек пе деп отыр ғой. Осыны дамытып, туризмның бір нысаны ретінде қолданса деген ой бар.

Сонымен қатар биыл Сарқан, Алакөл аудандарындағы тарихи-мәдени ескерткіштер анықталып, қорғау аймағы бекітіледі. Ал алтын әшекейлер мен өзге де бұйымдар облыстық Мұхаметжан Тынышбаев атындағы мұражайға тапсырылды. Сан ғасырлық тарихымыздан сыр шертетін көне жәдігерлер енді көпшіліктің назарына ұсынылады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов