Әбіш Кекілбаевтың шығармасы түрік тіліне аударылды
«Әбіш Кекілбаевтың әр шығармасы фиолософияға толы». Абыздың «Күй» туындысын түрік тіліне аударған Ашур Өздемир осылай дейді. Бүгін халық жазушысының туғанына 85 жыл. Түркиялық аудармашының бұл еңбегі мерейтойға құнды тарту болды. Қазақ қаламгерінің туындыларына шетелдік әдебиеттанушылар мен оқырмандардың қызығушылығы ерекше.
Ашур Өздемир Қазақстанда ұзақ жыл еңбек еткен. Сол кезеңде Әбіш Кекілбаевтың туындыларымен танысыпты. Оның ішінде «Күй» повесін сүйсіне оқыған. Кейін бұл шығарманы қалай да түрік жұрты оқуы тиіс деген ойға келген. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде қазақ жазушысының шығармасы бауырлас елдегі оқырмандарға жол тартып отыр.
Ашур Өздемир, аудармашы:
- Өйткені терең философиясы бар шағын ғана шығарма. Терең философиясы бар шығарма қазіргі таңда табылмайды. Сондықтан мен мұны түрік тіліне міндетті түрде аударуым керек деп шештім. Отырып, бір айдай жұмыс істедім таңнан кешке дейін, басқа ештеңемен шұғылданбай. Содан кейін осы, міне, «Күй» шығармасы басылып, жарыққа шықты.
Ал мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов биыл Мәскеуде абыз жайлы «Корифей» еңбегін басып шығарды. Автордың айтуынша, ресейлік мамандар Әбіш Кекілбаевтың болмысы мен біліміне қайран қалған.
Сауытбек Әбдірахманов, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Сол қозжазбамен жұмыс істеу барысында мәскеулік редакторлар Ә. Кекілбаевтың жан-жақтылығына, соншалықты академиялық универсиализміне, энциклопедиялық біліміне қайта-қайта таңғалып, маған телефон соғумен болды. Өзімнің көкірегімді ұлттық мақтаныш сезімі кернеді. Бізде осындай перзент бар, бізде осындай ойшыл бар деген ой әрбір қазақтың жүрегінде ұялауы керек.
Әбіш Кекілбаев қазақ әдебиетінің қоржынын құнды мұралармен байытты. «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Күй», «Бір шөкім бұлт», «Шыңырау» сияқты шоқтығы биік шығармалары қалың оқырманның жадында сақтаулы. Мерейтой қарсаңында Маңғыстау облысының музыкалық драма театры Астанада абыздың туындыларын сахналады.
Абыл Кекілбаев, Ә. Кекілбаевтың немересі:
- Кітапты көп оқитын. Күніне бірнеше кітап оқып тастайтын. Оның үстіне кітап дүкендерінің бәрін өзі аралап, жаңа кітаптарды іздеуші еді. Шетелге барғанда, басқа қалаларға барғанда кітапты оқуға құмар еді. Атамыздың шығармаларына қойылымдар қойылып жатыр. Бүгінгі қойылым – «Шыңырау». Менің ең жақсы көретін шығармам.
Ә. Кекілбаев әдебиет әлемінен бөлек, мемлекеттік басқару саласында да өз қолтаңбасын қалдырды. Соның ішінде Сенат депутаты болған жылдары дәл осы кабинетте қызмет атқарған. Жазушының суреті мен естелік тақтасы ілінген бұл кабинет оның еңбек жолынан сыр шертіп тұр.
Алтынбек Нухұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қаныш туған қасиетті Баянауыл елінде алғашқы рет саясатқа депутат ретінде 1990 жылы Әбіш аға сайланған екен. Сонда үлкен саясатқа бет алып, кейіннен Мемлекеттік хатшы болды. Әбіш ағаның керемет сөзі бар. «Жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін рухани ерлік керек. Жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін рухани байлық керек», – дейді. Міне, рухани ерлік пен рухани байлықтың нағыз руханият саласында телегей теңіз еңбектерін қалдырып, Әбіш әлемін қалдырып кетті.
Көрнекті қаламгердің мерейтойы елдің түкпір-түкпірінде кең көлемде тойланып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, кейінгі төрт айдың ішінде 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылған.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Абдулхамит Бөлекпаев, Мадияр Кындыбаев.