Атыраудағы «Талшын» инклюзивті театры көрермен ықыласына бөленіп жүр
Атырауда құрылған «Талшын» инклюзивті театры өңірге кеңінен танылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр.
Бүгінде 20-ға жуық әуесқой актері бар құрам, екі қойылымды сахналап үлгерді.
“Талшын” инклюзивті театрының белді мүшесі Дәурен Жәрдемов 2021 жылы жол апатына түсіп, содан бері арбаға таңылған. Бірақ тағдырының сынағына сынбай, өзі секілді жандарға көп нәрсені дәлелдеп келеді. Жүзуден жарысқа қатысып, жүлделі де болып жүр. Биыл “Талшын” театры сахналаған қойылымның бірінде басты рөлді сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді.
Дәурен Жәрдемов, «Талшын» инклюзивті театрының мүшесі:
- “Талшын” инклюзивті театры бізге үлкен мүмкіндік берді. Неге десеңіз, сахнада коляскамен жүріп те сахнаны бағындыруға болатыны жөнінде керемет әсер алдық десек болады. “Бір түп алма ағашы” деген қойылымда басты рөлде ойнаймын. Үйдің кенжесі болып. Сол бірінші қойылым ерекше болды, көрерменнің ықыласына бөленді деген ойдамыз.
Инклюзивті театрдың ашылуы тағдыр сынына тап болған жандардың үмітін қайта оятты. “Бір түп алма ағашы” және “ Күшік күйеу” қойылымдарын сахналаған театр актерлеріне кәсіби мамандар сабақ береді.
Жасұлан Қабдолов, «Талшын» инклюзивті театрының мүшесі:
- Кәсіпқой мамандар келіп үйретіп жатыр. Драма театрдың актрисасы, режиссері бізге келіп, үйретіп жатыр. Вокалдан да Жантөрин атындағы филармонияның оқытушысы бізге келіп үйретіп жатқан мықты маман. Жаңа қырымыздан танылып жатырмыз ғой. Өзіме ұнайды керім.
Есболат Балбаев, «Талшын» инклюзивті театрының мүшесі:
- Мүмкіндігі шектеулі адамдар үйінен шығып, осында кеп театрға қатысамыз деп. Өзім енді “Бір түп алма ағашында” бажаның рөлін ойнадым. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға мотивация берем. Аварияға түскен жастарға үйіне барам. Анасының қасында болды мүгедек болдым, өмір бітті деп ойлайды. Сондай кезде бізге телефон соғады. үйіне барып, өмір бар екенін, осындай театр бар екенін. Өзім осындай биден сабақ берем.
Инклюзивті театр құрылғалы өзін сахнада көргісі келетін мүгедектігі бар жандардан өтініш жиі түседі, дейді театр жетекшісі. Шынында, тағдыр сынағына тап болған жандар үшін бұл - үлкен мүмкіндік. Қазір театр актерлары репертуарын толықтыруды жоспарлап жатыр.
Гүлназ Қосмұрзиева, «Талшын» инклюзивті театрының жетекшісі:
- 2023 жылы “Талшын” инклюзивті театрын аштық. Бұл шынында өте игі бастама болды. Бізге мүгедектігі бар көп адам келді. Біз 16 тамызда “Бір түп алма ағашы” қойылымын сахналадық. Көрермен лық толы болды. Көрерменнің ықыласы ерекше екенін байқадық. Бұл бізге үлкен серпіліс берді.
Инклюзивті театр жуырда Жылыой ауданының тұрғындарына өз қойылымдарын ұсынды. Қазір өзге де аудандардан шақырту түсіп жатыр. Театр жетекшісі 20-ға жуық актері бар құрамды әлі де толықтырсақ, дейді.
Асланбек Шығыр, Амантай Матенов