Астанада «Алтын домбыра» ақындар айтысы басталды

Елордада «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Екі күнге жоспарланған сөз майданында 14 ақын бақ сынайды. Олар – жыл бойы өткен халықаралық және республикалық  айтыстарда үздік өнер көрсетіп, жүлделі орын еншілеген айтыскерлер. «Төрлет, еңбек адамы» тақырыбындағы өнер додасын «AMANAT» партиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып отыр.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Аламан айтыстың еңбек адамын ұлықтауға арналғаны да сондықтан.

Ерлан Қошанов, Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы:

- Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақ өнеріне, қазақ мәдениетіне ерекше мән беріп, қолдап келе жатқанын. Еңбек деген – ол мәңгілік тақырып. Сондықтан қанша жырласақ та, ұтылмаймыз деп ойлаймын. Себебі «Адал еңбек – адал табыс – адал адам» деген қағидат – ең басты ұстанымымыз. Еңбекті, еңбек істеп жүрген адамдардың ерлігін бүгін ақындарымыз жеткізіп тұрып жырлайтынына біз сенеміз.