Бүгін – Бибігүл Төлегенованың туған күні

Қазақтың бұлбұлы! Бұл абыройды атақты әншіге халықтың өзі берген. Халық әртісі Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толды, деп хабарлайды 24kz.

Ғибратты ғұмыр иесі 70 жылдан астам сахнаның сәнін келтірді. Ұлт мақтанышы Бибігүл Ахметқызының репертуары өте бай. Оның тұмадай тұнық үнін талай буын тыңдап өсті.

Бибігүл Төлегенова халқын әсем әнімен де, сұлу сәнімен де қашанда қуантумен келе жатқан тұлға. Әлемдік деңгейдегі опера жұлдызы өзінің өнердегі аса жоғары жетістіктері үшін ғана емес, халық арасында үлкен сүйіспеншілікке ие болғандықтан да халық әртісі атанған жан. Әншінің ән қоржынында халық шығармаларымен қатар әлемдік музыка жауһарлары да көптеп кездеседі.

Бибігүл Төлегенова, Қазақстан және КСРО халық әртісі:

- Ең бірінші мені ел даусымды радиодан еститін. Кейін мен концертке шыға бастағаннан кейін бәрі қызықтайды ғой, қандай екен деп. Мен ауыл еңбеккерлерін, малшылар, егіншілерді көп араладым. Тіпті әріптестерім маған «колхозная певица» деп айтатын. Мен айттым, за то колхоз бізді асырап жатыр, киіндіріп жатыр, тамақ беріп жатыр. Біз оларға рухани азық беруге міндеттіміз деп. Мен ерінбей ауылға шығып, ауылда жүрдім көп.

Бибігүл  Ахметқызын әлемнің өнерсүйер қауымы әрқашан құшақ жая қарсы алады. Оның әндеріне Нью-Йорк, Лондон, Париж, Рим сынды әлемнің ірі қалаларының айтулы концерт залдарына жиналған жұрт тамсана қол соққан. Опера әншісі Щвециядағы алғашқы сапарында «Бұлбұл» әнімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Өнер иесіне 15 жылдан соң сол елде қайта ән шырқау бұйырған.

Бибігүл Төлегенова, Қазақстан және КСРО халық әртісі:

- Екінші барғанда мен «Гәккуді» айттым, бірсыпыра халық әндерін айттым. Залда маған «нацген, нацген» деп айғайлады. Мен ойладым, бұларға не керек деп. Сосын бір шағын ғана жастар келіп: «Біз сізден «Бұлбұлды» сұрадық, сіз осыдан 15 жыл бұрын соны айтып едіңіз, сондай әдемі ән, естігіміз келеді», - деді. «Біз сізге айқайладық, алыстан», - дейді. Мен шведтің тілін білмеймін дедім. Сөйтіп, 15 жылдан кейін мен барғаннан кейін олар бұлбұлды қайта сұрап жатыр. Біздің ұлттық мәдениетімізді насихаттағанымыздың пайдасы сол.

Қазақ ән өнерінің бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың орындауындағы аңызға айналған әндер қазақ өнерінің шежіресі іспеттес. Күміс көмей әншінің 95 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шығармашылық кешке өнерсүйер қауым мен шәкірттері түгелдей қатысты.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Бағдат Қайыркен