Ұлттық архивте Фариза Оңғарсынованың жеке текті қоры ашылды
Бүгін халық жазушысы, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл. Айтулы датаға орай Ұлттық архивте Фариза Оңғарсынованың жеке текті қоры салтанатты түрде ашылды.
Көрмеде ақынның өз қолымен жазған отбасылық шежіресі мен өмірбаяны, «Көгершіндерім» өлеңдер жинағынан қолжазбалар, Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығында сөйлеген сөзі, ноталары мен бұрын-сонды жарияланбаған фотосуреттері және хаттарынан жинақталған 50-ге жуық құжат таныстырылды.
Мерейтойлық басқосуға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйледі. Ол Фариза Оңғарсынованың қайратты мінезі мен қазақ поэзиясындағы орнына ерекше тоқталды. Министр ақынның шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау керектігін атап өтті. Жиынға қатысушылар жазушы жайлы естеліктерімен бөлісіп, жазушының өлеңдерінен үзінді оқыды. Сондай-ақ шара барысында мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген Фариза Оңғарсынованың таңдамалы туындылары жинақталған кітабының тұсауы кесілді. 3000 данамен шыққан кітапқа ақынның 50-ші жылдардан бастап әр кезеңде жазған сыр-толғанысқа толы поэзиялық шығармалары енген.
Алмас Оңғарсынов, Фариза Оңғарсынованың ұлы:
- Бәрін бір жәшікке жинап қойып, тапсыра қалған зат емес. Бұның бәрін біз қаншама жыл сақтап отырдық. Бұл 1960-1970 жылдары жазылғандар бар. 1980,1990, 2000 жылдар. Көзі жұмылғанға дейін жазылған қағаздардың бәрін біз үйде сақтап отырды. Соны біз мемлекетке тапсырып жатырмыз.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
- Қазақ поэзиясын Фаризасыз елестету мүмкін емес. Ол ең бірінші әдебиеттің ішіндегі, соның ішінде поэзияға қатысты түсінікті бұзған адам. Қыздар поэзиясы, ұлдар поэзиясы деген ұғымдар болады ғой. Соны бұзған. Поэзия тек біреу ол ұлға да, қызға да бөлінбейді. Поэзияның аты поэзия, ол ұлға да, қызға да бөлінбейді деп дәлелдеп кеткен адам. Оның қазақ әдебиетінде, қазақ поэзиясына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай еске алу кештері өтті
Іс-шара «Астана Опера» театрында өткен әдеби-сазды кешпен жалғасты. Айта кетейік, кеше Ұлттық академиялық кітапханада «Фариза Оңғарсынова кім?» кітабының таныстырылымы өтті. Ал ертең Астанадағы Фариза Оңғарсынова атындағы мектепте және Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейінде іргелі іс-шаралар ұйымдастырылады. Барлығы республика аумағында 70-ке жуық іс-шара өтті.