Ержан Максим «Sanremo Best Song 2025» байқауында бас жүлде алды

Ержан Максим халықаралық әншілер конкурсын бағындырды.

17 жастағы отандасымыз Дубайда өткен «Sanremo Best Song 2025» байқауында бас жүлдені еншілеп, ел абыройын асқақтатты. Ол бұл өнер додасында үздік атанып қана қоймай, танымал продюсерлік орталықтардан әріптестік жөнінде шақырту алды.

Әлемдік сахна шежіресінде ерекше орын алатын әйгілі халықаралық байқау биыл өзгеше форматта өтті. Өнер сайысы араб мемлекеттері аумағын жағалай жүзіп жүретін алып кемеде ұйымдастырылды. Байқаудан қалың көрермен де, оған қатысқан жас өнерпаздар да айрықша әсер алды. Ал бала кезінен тыңдарманын өзіндік өнерімен тамсандырып жүрген Ержан Максимге қазылар алқасы жоғары бағасын берді.

Ержан Максим, әнші, “Sanremo Best Song 2025” байқауының бас жүлде иегері:

- 36 адам Қазақстаннан келген едік. Соның ішінен жалғыз мен қазақша ән айттым. Өте керемет сезім. Халық әні “Айқаракөзді” айтқаныма қуаныштымын. Ең сүйікті әндерімнің бірі болды. Осы конкурсқа қатысі үшін үлкен қолдау көрсеткен компанияға рақмет айтамын.

Оралдық өрен бұған дейін Ресейде өткен «Голос. Дети» халықаралық ән сайысында жеңіс тұғырынан көрінген еді. Бала кезінде-ақ талайды таңқалдырып, бірнеше бәйгеде оза шапқан. Десе де, Санремо байқауындағы бас жүлде оның жетістігін еселеп қана қоймай, әлемге танылуына сеп болды.

Сүндет Байғожин опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Менің ойымша, Ержан Максимнің өзінің жеке халықаралық балалар конкурсы болу керек. Ол танымал. Егер мемлекет тарапынан қолдаса, көптеген әншілер конкурсқа келіп, еліміздің өнерінің дамуына көп үлес қосылатын еді. Қасында жүріп қолдағаныма қуаныштымын. 

Ержан қазір Астанадағы “Шабыт” университетінде тәлім алып жүр. Студент болса да бірқатар продюсерлік орталықтан әріптестік жөнінде шақырту алған. Енді ол ұсыныстарды қарастырып, шығармашылығын одан әрі шыңдауға ден қояды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Еске салайық, Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен байқауға әлемнің 13 мемлекетінен 100-ге жуық әнші қатысты. Солардың ішінен өнері озық деп танылған Ержан халықаралық сахналарды бағындыруын жалғастыра бермек. Жеңімпаз жексенбі күні елге оралады.

Рауан Мыңбаев