Павлодардың орталық кітапханасы ерекше туындылармен толықты

Алақанға сыйып кететін миниатюрлық кітаптар. Павлодардың С.Торайғыров атындағы орталық кітапханасында олардың 150-ге тарта түрі сақталған, деп хабарлайды 24kz.

Жуырда коллекция жаңа туындымен толықты. Орталық кітапханаға Ресейлік әріптестері «Омбыдағы Пушкиниана» миниатюралық кітабын сыйға тартты.

Сирек кітаптар қорындағы жинақтар оқырман қолына берілмейді. Әсіресе, ондағы миниатюрлік басылымдар ерекше қызығушылық тудырады.

Бақытжан Бұқашева, С.Торайғыров атындағы орталық кітапхананың кітап қорының басшысы:

- Мұнда көркем әдебиет және салалық кітаптар да бар. Оның ішінде қазақ жазушылары және орыс жазушыларының кітаптары. Ең кішкентай кітап Омар Хайямның 50х70 мм өлшемін айтатын болсақ.

Ширек ғасыр бұрын Омбыда жарық көрген Омар Хайямның «Рубаи» кітабының қатары тағы бір ерекше туындымен толықты.

Марина Гончарова, С.Торайғыров атындағы орталық кітапхананың бөлім басшысы:

- Бұл өз кезегінде Омбы облыстық кітапханасындағы Пушкин туралы әдебиеттер каталогы. Егер жылдарын алып қарайтын болсақ, XIX ғасырдың аяғында жарыққа шыққан көне туындыларды көруге болады.

Сирек кітаптар бөлімінің басшысы Марина Гончарова: «Әрбір кітап өзінше құнды», - дейді. Халықаралық стандарттарға сәйкес, ұзындығы мен ені 3 дюйм, яғни, 76 миллиметрден аспайтын кітаптар миниатюралық басылым болып саналады екен.

Марина Гончарова, С.Торайғыров атындағы орталық кітапхананың бөлім басшысы:

- Біздің кітапханада сирек кездесетін кітаптар жинақталған бес зал бар. Онда құнды және сирек кездесетін кітаптар кездеседі. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында жарық көрген кітаптар бар. Авторлардың қолтаңбалары сақталған. Одан кейінгілері факсимильді қайта басылымдар және миниатюралық кітаптар.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Шағын көлемді кітаптар XVIII ғасырларда аса танымал болған екен. Олар кәдесый ретінде жүріпті. Мазмұны мен құндылығы жағынан кәдімгі кітаптан ешқандай айырмашылығы жоқ. Тек шағын тиражда шығып отырған. Сонысымен құнды болса керек.

Миниатюрлік басылымдар қорында Жұбан Молдағалиевтің поэмалары, Мұқтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер, өзге де танымал авторлардың туындылары бар. Ең бастысы, шағын кітаптар қатары толығып отырады. Ең жаңасы Виктор Семерьяновтың «Мәшһүр шыңы» поэмасы екен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев