Алматылық шебер елу бес жыл ішінде 2,5 мыңнан астам домбыра жасаған

Алматылық шебер 55 жылда 2,5 мыңнан астам домбыра жасады.

Сондықтан қазақтың қара домбырасы мен Жолаушы Тұрдықұловтың есім-сойы қатар аталуы заңдылық. Ұлттық аспапқа үн бітірген шебердің еңбегі күйшілер мен әншілер арасында үлкен сұранысқа ие. «Қазақтың Страдивариі» атанған шебермен тілдесіп қайтқан тілші сюжетіне кезек берейік.

Мына қол талай ағашты сүріп, шанақты иді. Шегін тартып, тиегін түйді. Тіпті, станокта қалып, саусақтарын жарақаттап алғаны бар. Бірақ бәрібір де Жолаушы аға ерте кезде бойға сіңген сүйікті ісінен бір сәт те қол үзген емес. «Аспаптың жаны – ол дыбысы», - дейді шебер. Домбыраға қоңыр үн беру үшін өзі түйсікке жүгінеді.

Жолаушы Тұрдықұлов, домбыра жасау шебері:

- Интуитивті түрде, сезімі арқылы табу керек. Жылдар бойы тәжірибе арқылы келетін нәрсе бұл. Сезім. Ағашты тыңдай білу керек, ұстап білу керек, дыбысын тыңдап көру керек деген сияқты.

Бұл әдісін Жолаушы аға шәкірттеріне де жиі айтып отырады. Қазір ізінен ерген ізбасарлары жетерлік. Олардың ұсталығы ұстаздарынан асып түспесе, кем емес. Дегенмен, Жолаушы ағаның кеңесіне жүгінетін кездеріміз көп, - дейді шеберлер.

Ғани Жұмабаев, шәкірті:

- Екі мыңнан бастап сол Жолаушы ағаның қасында өнерімізді шыңдап жатырмыз. Әлі де мына, пәленбай жыл домбыра жасап келе жатсақ та Жолаушы ағаға апарып көрсетіп, әлі де бір ньюанстарын түзеп беретін уақыттары әлі күнге дейін бар.

Еліміздегі Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі, «Отырар сазы» оркестрінің музыкалық аспаптары Жолаушы ағаның қолынан шыққан. Оның жасаған домбыраларын дәстүрлі өнер өкілдері қалап алады. Домбыра жасау технологиясын ғылыммен ұштастырған Жолаушы аға «ұлттық өнерді әлі де жетілдіру керек»,-дейді.

Жолаушы Тұрдықұлов, домбыра жасау шебері:

- Әлі де болса домбыраның дыбыстық ауқымын зерттеу. Әрбір аспапты жасаған сайын өзіңе бір нәрсе жетіспей тұратындай болады. Бұл заңды нәрсе. Акустикалық ары қарай жетілдіру керек қой бәрібір. Қазірдің өзінде ең мықты деген домбыралардың өзінде жетіспей жатқан жерлер бар. Көп. Шын мәнінде акустикалық қасиетін әлі де көтеру керек.

«Ол үшін эксперименталды шеберхана жасақталса», - дейді Жолаушы аға. Білікті мамандардың басын бір орталыққа біріктіріп, ұлттық аспаптардың дыбысын жетілдіре түсу арманы.

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев