Алматыда BIRLIK ансамблінің гала-концерті өтті
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Алматыда BIRLIK ансамблінің гала-концерті өтті, деп хабарлайды 24kz.
Құрылғанына бір жылға жуықтаған жас ұжым халықаралық деңгейде танылып үлгерді. Әсем ән мен тамаша биден шашу шашылған кеш Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Концертте Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Татарстан хореографтарының қойылымдары ұсынылды.
BIRLIK көпұлтты ансамблінің Алматыдағы алғашқы концерті «Күй шашу» биімен ашылды. Ұжымдағы 20 жас әртістің барлығы түрлі этнос өкілдері. Концертке Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен өнер саласының танымал қайраткерлері қатысты.
Әнел Марабаева, BIRLIK ансамблінің көркемдік жетекшісі:
- Біздің әртістеріміз – орыс, татар, өзбек, тәжік, грузин ұлттарының өкілдері. Кәсіби деңгейдегі ансамбльдің әртістерінің барлығы хореография академиясының студенттері немесе түлектері. Біз түрлі елдерден мамандар шақырып, халықтар достығын нығайтуды, тек Орталық Азия ғана емес, бүкіл әлем елдері арасындағы мәдени диалогты дамытуды мақсат етеміз.
Сахнада орыс, өзбек, татар, тәжік билері де орындалды. Жеті қойылымның әрқайсысы өзіндік бояуымен ерекшеленді. Сонымен қатар концертке «Астана сазы» ансамблі, Қазақ ұлттық консерваториясының әртістері, республикалық Корей театры және басқа да ұжымдар қатысты.
Айдана Шәкірова, BIRLIK ансамблінің әртісі:
- BIRLIK би ансамблінде қазақ, татар, ұйғыр және тәжік билерін үйрендік. Бұдан басқа, мен өзім білетін билерім көп. Өйткені біз мен Қазақ ұлттық хореографиялық академиясының студентімін. Ол жақта бізді әртүрлі би салаларына үйретеді.
BIRLIK ансамблі құрылған бір жыл уақытта халықаралық сахналарды бағындырып үлгерді. Ұжым Түркиядағы байқауда 4-орын иеленді, Ашхабадта және Астанада өнер көрсетті. Күзде әртістер Парижге аттанбақ. Репертуарында әлем халықтарының жиырмаға жуық биі бар. Көрермендер болса, ерекше кештен естен кетпес әсер алғанын айтты.
Блиц 1:
- Өте ұнады, бірінші қазақ биі қатты ұнап кетті маған. Өте әдемі билеп жатыр қыздар, жігіттер. Маған өте ұнады.
Блиц 2:
- Бір кештің өзінде қаншама елдердің билерін көріп, қаншама елдердің мәдениетімен бір кеште танысып алғандай боламыз. Маған бір басқа елге барып келіп, сол жақтың бір мәдениетін, сол жақтың әдемі өнерін көріп келгендей болып тұрдым.
Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. BIRLIK ансамблі – Қазақстан халықтарының мәдени байлығы мен үйлесімділігінің көрінісі. Концерт соңында құрмет белгісі ретінде Мәдениет және ақпарат министрлігі ұжымға гүл шоқтарын табыс етті.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон