Астанада «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының перзенті» атты конференция өтті

Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың туғанына 135 жыл. Бүгінде қайраткер армандаған азат елде Шоқайтануға қатысты іргелі істер атқарылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Атап айтқанда, бірқатар ғылыми зерттеу кітаптары мен мақалалар жарыққа шықты. Астанада өткен «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі  жұртының перзенті» атты халықаралық ғылыми конференцияда 60-тан астам зерттеу жұмыстары таныстырылды. Ал ұлы тұлға атындағы №51 мектеп-гимназиясында орналасқан ғылыми музейге Алаш көшбасшысы мен оның жары Мария Шоқайдың бұрын еш жерде жарияланбаған отбасылық фотосуреттері қойылды. Бүгінде онда 600-ден астам түрлі жәдігер бар. «Күллі түркі дүниесінің бірлігі үшін күрескен тұлғаның өмірі мен ғылыми еңбектері әлі де зерттеле түседі», - дейді, тарихшылар.

Арай Сәтиева, Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясының директоры:

- Жыл сайын әртүрлі ғалымдар өздерінің еңбектерін шығармашылықтарын жаңартып, еңбектерін сараптап жатыр. Халықаралық деңгейде деп жатырмыз енді. себебі, ол Әзербайжаннан, Түркиядан, Өзбекстаннан, ТМД елдерінен біраз ғалымдар зерттеу тақырыптарын бізге ұсынатын болады.

Салтанат Нұрлыбекқызы, Мұстафа Шоқай музейінің меңгерушісі:

- Бүгін де бізде жаңалық болады. Мұстафа Шоқайдың ұрпақтары келіп жатыр, сол кісілер өте ескі қҚұран кітаптарды тапсырмақшы біздің музейге және де тағы да жәдігерлерге бүгіннен бастап тағы музей толы болады деп ойлаймыз. Сондай-ақ Мұстафа Шоқайдың өзінің жана экспонаттарына келетін болсақ, өзі еш жерде жарияланбаған фотолардың бірнеше түрі бар, 70-тен астам, ол Мұстафа Шоқайдың өзінің отбасылық альбомында сақталған.