Ордабасыдағы каналдардың жартысына жуығы жөндеуді қажет етеді

Соның салдарынан жаз мезгілінде шаруалар ағын судан таршылық көреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл да осы мәселе қайталанбас үшін аудандағы арық-атыздар тазартылып, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Диқандардың айтуынша, 2019 жылдың жазы аудан шаруалары үшін қиын болды. Жауын-шашынның аз болуы мен ағынсудың тапшылығы және каналдардың жарамсыздығы жер емген шаруалардың еңсесін түсіріп жіберді. Құрғақшылық алқымнан алып, еткен еңбек көз алдымызда еш кете жаздады дейді диқандар.

Нұрғали Шамилов, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Біздің осы жерде жеріміз бар. 5 елді мекеніміз бар. Онда судың тапшылығы өте қиын болды. 2020 жылы арық қазылғанға дейін қиналдық. Келесі жылы, бұдан былай өте жақсы болады деген сенімдеміз. Бұдан былай су болады деген ниеттеміз.

Биыл тікелей Бадам өзенінен ұзындығы 5 шақырым болатын жаңа канал қазылды. Ол Қараспан ауылдық округіне қарасты 10 елді мекенді және 2 мың гектар алқапты ағынсумен қамтамасыз етеді. Осындай жұмыстар басқа ауылдарда да жалғасып жатыр.

Әбілда Әлібеков, Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Жалпы ауданымыздың жер көлемі – 85 мың гектар. Оның ішінде 33100 гектар – суғармалы жер. Суды жақсарту мақсатында биыл біраз жұмыстар атқарылды. Жалпы 85 канал бар ауданда, ұзындығы 827 шақырым. Соның 43 каналына биыл механикалық тазалау жүргізілді. Соның нәтижесінде 15900 гектар жердің суы жақсарып, 2400 гектар жерге жаз айында су бармай қалу қауіпі сейілді. Қазір 4 каналды күрделі жөндеуге берейін деп отырмыз.

Бүгінгі күні Түркістан облысында 87 магистралдық және 1800-ге жуық шаруашылық канал бар. Мамандардың айтуынша, олардың көбі жөндеуді қажет етеді. Жалпы облыста 574 мың гектар суармалы алқап бар.

Жандос Жұмабек, Ерболат Абишов, Самат Нағашбекұлы