Сайлаушылардың құқықтары қалай сақталады?

Сайлаушылардың еш кедергісіз дауыс беріп, таңдау жасауына барлық жағдай жасалған.

Тіркелген орнына келе алмағандар үшін қосымша 558 сайлау учаскесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал шетелде жүрген азаматтарымыз 54 елдің аумағында өз таңдауын жасай алады. Сайлаушылардың құқықтары қалай сақталады? Дауыс беру кезінде қандай ережелерді ескерген жөн?

Дариға Ташенова, тілші:

- Парламент сайлауы ел тарихында сегізінші рет өткізілуде. Кәмелет жасқа толған әр қазақстандық өз таңдауын жасап, қалаған партияға дауыс бере алады. Олардың лауазымы, әлеуметтік жағдайы, ұлты, діні, тілі немесе тұрғылықты мекеніне еш шектеу қойылмайды. Тек сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылғандар мен бас бостандығынан айырылғандар ғана дауыс бермейді. Қалғандары есімін тізімнен тексеріп алып, сайлауға қатыса алады.

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры:

- Сайлаушылардың құқықтары да бар, міндеттері де бар. Оның бірінші құқығы ол – барып бюллетеньді алу. Бюллетеньді алғаннан кейін барып соған өз қолын қойып, жабық тұрған урнаға салады. Оның бәрі заңда жазылған. Ертең дауыс саналғанда оның дауысы мына партияға, мына партияға бөлініп, бәрі шешіледі.

Сайлау туралы заңға сәйкес қазақстандықтар таңдауын жасаған кезде тең құқыққа ие. Әр азамат тек бір ғана бюллетень алып, бір партияға дауыс бере алады. Тек санитарлық талаптарды орындаған жөн. Учаскеге келушілердің дене қызуы тексеріледі.

Мерей Шәменов, Алматы ауданы №3 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

- Міндетті түрде қолында жеке куәлігі болу керек. Сол куәлігімен келіп көрсеткен жағдайда біз жалпы тізімнен қараймыз да, дауыс беру бюллетеньдерін береміз. Жалпы бір-ақ рет дауыс беріледі. Және бір партияға дауыс бере алады. Комиссия мүшелеріне қауіп төнбес үшін пандемияға байланысты және бақылаушылардың отыратын орындарына шыныдан қорғандар қойылды.

Дауыс беруге келген сайлаушыға ешкімнің де кедергі жасауға қақы жоқ. Тіпті түсірілім топтарының жұмысы да азаматтарға ыңғайсыздық тудырмауы керек. Сайлау барысын бұзатындар 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

Марат Бәшімов, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры:

- Ешкім ешкімнің құқықтарын бұзбау керек. Журналистердің де құқықтары бар. Олар сайлау процесін көрсету керек. Журналистер бір жағынан өз міндеттерін орындау керек. Екінші жағынан олар басқалардың құқықтарын бұзбау керек. Осы екі жақты да сайлау процесінде орындау керек.

Дауыс беремін деп, бірақ өзінің аты-жөнін тізімде таба алмағандар сайлау комиссиясына шағымдануға құқылы. Мұндай өтініштер берілген күні қаралып, шешім шығарылу қажет. Егер дауыс беруге рұқсат етілмесе, шағымданушыға оның себебі жазылған құжат табысталады. Сол қағаздың негізінде сотқа жүгінуге болады. Судья оң шешім қабылдаса, сайлаушы өз таңдауын жасай алады. Алайда дауыс санау басталып кетсе, сайлаушылар тізіміне қандай да бір өзгеріс енгізуге тыйым салынған.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ербол Дайыров