ШҚО-да лауазым иелерін пара беруге азғырған екі адам сотталды

ШҚО-да лауазым иелерін пара беруге азғырған екі адам сотталды

Былтыр Риддер қаласында Олимпиадалық резервтік мектеп-интернатына арналған оқу ғимаратының құрылысын салу кезінде спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының екі орынбасары ірі сомада қаржы жымқырғаны үшін істі болып ұсталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы комитеттің тағы екі лауазымды тұлғасы сыбайласымен бірге қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға көмектесеміз деп істі болғандардан 40 миллион теңге сұраған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер оларды пара алып жатқан жерінен ұстап, тергеу-тексеруді бастаған. Таяуда осы іс бойынша сот үкімі шығып, пара беруге азғырған және алаяқтық жасауға оқталғандар сотталды.

Жігер Байділдин, ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Сот үкімімен Баймадиев 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындаумен және Басболатов 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындаумен, екеуі де мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен сотталды.