Биыл Көкшетау тұрғындары жылуға жарымай отыр

Көкшетаулықтар биыл жылуға жарымай отыр. Әліптің артын бағумен әбден ашынған халық, жанайқайларын әлеуметтік желіде білдіріп жатыр. Бірақ тұрғындардың шағымынан нәтиже шығар емес. Суық пәтер көктем шыға жылымаса, әзірге жағдайдың түзелер түрі жоқ дейді қалалықтар.

Ел арасында «автогородок» атанып кеткен аудандағы көп қабатты үйлердің бірінде тұратын Виктория Кизенко баспанасы суып, берекесі кеткенін айтады. Айтуынша, күзде де үй жарытып жылымаған. Ал қыс түскелі жағдай тіпті қиындапты. Бөлме температурасы 20 градусқа да жетпейді. Аяғы ауыр келіншек, өзі мен жақындарының денсаулығына алаңдайды.

Виктория Кизенко, қала тұрғыны:

- Батарея жәй ғана жылы. Күн суық кезде тереземізге мұз қатады. Үйде тіпті, суық тигізіп аламыз ба деп, жуынуға да қорқамыз. Жасы ұлғайған әжеміз бен кішкентай қызымызға қиын. Талай жерге арыздандық. Бірақ, әлі өзгерген ештеңе жоқ.

Викторияның сөзін көршілері де қолдайды. Айтуларынша, өткен қыста мұндай жағдай болмаған.

Ирина Гавченко, қала тұрғыны:

- Өткен жылы үйлеріміз жылы болды. Кейде тіпті терезелерімізді ашып қоятынбыз. Ал осы қыста пәтер суық. Мәселен, мына үйдің 4-қабатында менің анам тұрады. Ол кісі қазір үйде пимамен жүр.

Ал әлеуметтік желіде тұрғындар қаланың тең жартысы жылуға жарымай отырғанын жазады. Мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, қалалық әкімдікке хабарластық. Алайда олар жылу таратушы мекемеге сілтеді. Мұндағы жауаптылар «біз жылуды үйге дейін ғана жеткізіп береміз, ары қарай нысанға қызмет көрсетуші ұйым жауапты» дейді.  

Валерий Менгулов, коммуналдық мекеме өкілі:

- Көп жағдайда үйдегі жылу құбырларының өзгеріске ұшырағанын байқаймыз. Біреу құбырын жіңішкертсе, енді бірі ұлғайтқан. Міне үйге қызмет көрсететін мекеме осының бәрін реттеп, жылуды тұрғынжайға теңдей таратуы тиіс. Ал біз заң бұзушылықты анықтаған күннің өзінде ескертумен ғана шектелеміз.

Мамандардың айтуынша, аязды күндері коммуналдық мекемеге бір тәулікте 300-ге жуық шағым келіп түскен. Бірақ, бұл, біздің кінәмізден емес, - дейді, жауапты өкіл. Сөздеріне сенсек, жылуды олар толық қуатта жеткізіп отыр. Мәселе таратуда екенін айтады. Сондықтан тұрғындар пәтер иелері кооперативтерімен тығыз жұмыс атқару керек.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Дегенмен, жылу таратушы мекеме өкілдері, қосымша қазандықтың қажет екенін мойындайды. Себебі қалада баспаналардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Айталық, соңғы екі жылда облыс орталығында 100 шақты көпқабатты үй салынған.

Авторлар: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный