Түркістан облысында көкпар ұйымдастырғандар анықталды

Түркістан облысында кезекті көкпар ойыны анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай ауданы аумағында санитарлық-эпидемияға қарсы карантин ережесінің талаптары сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Жетісай АПБ-нің қызметкерлерімен күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Осындай кезекті рейд жүргізу барысында Жетісай ауданының жергілікті тұрғыны карантин режимі талаптарын сақтамай, 200-ге жуық адамды жинап, көкпар ұлттық ойынын өткізіп жатқаны анықталды.

Тәртіп сақшылары көкпар ойынына қатысушыларды дереу тоқтатып, олармен карантинді бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осы шараны ұйымдастырушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Жетісай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық орталығына жолданды.

Осындай жайт Арыс ауданында да болған. Арыс АПБ қызметкерлерімен аудан орталығының батыс беткейінде көкпар ұлттық ойыны өтіп жатқаны анықталды.

Көкпарға 100 тұрғын қатысуға келген. Алайда Арыс АПБ полиция қызметкерлері ұлттық ойынға келген азаматтарға карантин режимін сақтау жөніндегі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, үйлеріне тарқатты.