Коронавирусқа қарсы отандық вакцина қашан дайын болады?

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында қазақстандықтарға жаппай екпе егу мәселесін де қозғағаны белгілі.

Дәл қазір отандық QazCovidIn вакцинасын сынақтан өткізудің үшінші кезеңі өтіп жатыр.

Қазақстандық екпе қашан дайын болады? Денсаулық сақтау министрлігі оны жұртқа жаппай егуді қай уақытқа жоспарлап отыр?

2020 жылдың 19 желтоқсаныннан бастап қазірге дейін 3 мың ерікті азаматқа отандық екпе егіліпті. Олардың бәрі медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіліп, әр азаматқа 200 мың теңге төленеді. Алғашқы екі кезеңдегі сынаққа 244 адам қатысқан. Нәтижесінде QazCovidIn вакцинасының қауіпсіз екені және антидене қалыптастыратыны анықталған. Ресми мәлімет осы. «Бұдан өзге, ақпаратты екпені әзірлеуші компания жария етпейміз», дейді.

Берік Хайруллин, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының профессоры:

- Барлық ақпарат құпия. Жария етілмейді. Біз Денсаулық министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қарасты Ұлттық сараптама орталығына ғана есеп береміз.

Вакцина егілген азаматтар қалыпты өмірін жалғастырады. Алайда олардың денсаулығы толық қадағаланады. Вакцина салдыруға келіскен ерікті азаматтар арнайы келісімге қол қояды. Сондықтан олар кей ақпараттарды жария ете алмайды. Тағы бір жайт, екпені әзірлеген ғылыми-зерттеу институтының өкілдері еріктілердің жағдайын алты айдан кейін бақылаудан шығаратын көрінеді.

Берік Хайруллин, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының профессоры:

- Бұл әзірге жоспарда жоқ. Біз хаттамада көрсетілгендей екпенің теріс әсерін, яғни ине салынған жердің қызаруы мен дене қызуының көтерілуі сияқты белгілерді ғана бақылаймыз. Олар бірден үш күнге дейінгі аралықта байқалады. Алайда бұл белгілер бәрінің бойынан табылмайды. Яғни, бұл қатардағы антибиотиктерді салғанда байқалатын белгілер.

QazCovidIn вакцинасын салдырғандар өз денсаулығына қатысты зертханалық сараптамаға 6 айдан кейін қол жеткізе алады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі отандық екпені наурыз айының соңында қолдануды жоспарлап отыр.