Қарағанды облысында ақтүтек бораннан көлік қозғалысы қиындады

Қазір Қарағанды облысында 3 бағыт бойынша жол қайта ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол – «Қызылорда-Павлодар», «Жезқазған-Петропавл» және Сәтпаев қаласынан бастап Қостанайға дейінгі аралық. Қалған күре жолдарда көлік қозғалысына әлі рұқсат берілген жоқ. Тек Қарағанды мен Теміртау аралығында көліктер ілеспе әдіс арқылы жіберіліп жатыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Теміртаудан Қарағандыға келіп жұмыс істейтіндер көп. Сондықтан бұл жол ауа райы қатты нашарлағанда ғана жабылады. Екі қала арасы 20 шақырым шамасында болғанымен, қазір жету мұң болып тұр. Оның үстіне мынадай жүк көліктері тұрып қалған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Екі күннен бері жауған қар аралас жаңбырдың салдарынан Қарағанды мен Теміртау қаласындағы автобан көк мұз болып қатып қалған. Жеңіл көліктер ептеп өтіп жатыр, ал мынадай жүк көліктері үшін қиын болып тұр. Арнайы техника болмаса, шыға алатын емес. Егер осылай жалғаса берсе, үлкен көлік кептелісі пайда болуы мүмкін.

Қазір жергілікті полицейлер қар құрсауында қалғандарға жәрдемдесіп жүр. Бірақ жүк көліктері бір жерге тұрақтаса ұзаққа қалады.

Сергей Скачков, жүргізуші:

- Мен Қостанайға бара жатқан едім. Алматыдан шыққам. Теміртау маңына тұрып қалғанымызға біраз уақыт болды. Қайта полицейлер мен жүргізушілер бір-біріне көмектесіп шығарып жатыр. Бүгін жолда келе жатқаныма үшінші күн болды.

Ал, жеңіл көліктерді топ-топтап Қарағанды қаласының шекарасынан Теміртау қаласының кіреберісіне дейін жеткізу жұмысы қолға алынған. Көлік нөпірінің басында және соңында автопатруль жүреді. Мамандар әсіресе, таңертеңгі және кешкі мезгілде кептеліс болып жатқанын айтады.

Талғат Оспанов, облыстық ПД батальон командирі:

- Таңнан жапқаннан бері 800-ге жуық көлік тұрды. Оны 50 машинадан колона құрып, Теміртау мен Қарағанды арасында ілесіп жүру ұйымдастырдық.

Демалыс күндері Қарағанды облысының жолдарында 18 жол-көлік оқиғасы болған. Сәті түскенде зардап шеккендер жоқ. Ал, бүгін таңертеңнен бері оншақты жол-көлік оқиғасы болыпты. Сондықтан мамандар сақтық шараларын сақтап, реті келсе, ұзақ жолға шықпауға кеңес береді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдаулетұлы,Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев