Шымкенттегі өрт гидранттарының үштен бірі жарамсыз

Шымкентті өрттен сақтасын! Бола қалған жағдайда оған төтеп берер күш табылмауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені қаладағы су жүйелеріне жалғанған 4 мыңға тарта гидранттың үштен бірі жұмыс істемейді. Кейбірі бұзылған. Ал, біразына су бармайды. Ол аз десеңіз, 150 шақты құрылғы жол құрылысы кезінде бітеліп, тегістеліп кеткен.

Көп жерде гидранттың аты да, заты да бар, бірақ жылдар бойы қараусыз қалғандықтан жұмыс істемейді. Тат басып қатып қалған. Мұнан бөлек, 154 гидранттың түбінен әлдекімдер кесіп тастаған. Осы секілді себептермен қазір қалада мыңнан астам су құрылғысы жарамсыз.

Нұрболат Педен, Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру басқармасы басшысының орынбасары:

- Арнайы құрылғыларды орнатып, одан су алу мүмкін болмайды. Кей жағдайда олардың қақпақтары ашылмайды. Тіпті жаңа асфальт төселген кезінде бетіне асфальт төселген жағдайлар да орын алады.

Соңғы бірер жылда қаланың шеткері аумағындағы көшелердің инфрақұрылымы жақсарғанымен, өрт қауіпсіздігі құралдарын бүлдіріп кетті.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Мына гидранттан су алмақ түгілі сорғы қондырғысының өзін орнату мүмкін емес. Өйткені кей жерлерде жол салу кезінде құрылысшылар құдықтың жабындысын қисық орнатып кеткен. Мұндай да өрт сөндірушілер уақыт жоғалтып, алыстан су тасуға мәжбүр болады.

Мамандар бүгінде үстіне асфальт төселіп, беті бітеліп кеткен 161 су гидрантын анықтаған. Бірақ санын білгенімен, олардың қайда қалғанын таба алмай жүр.

Нұрғали Қосмұратов, су құбыры және канализация басқармасының басшысы:

- Орны жоқ болып тұр. Орнын таба алмай отырмыз. Жол түскен кезде келісу керек еді. Енді бұрынғы істеген картасы бойынша табуға график түзіп, ол жұмыстар басталды.

Былтыр осы мекеменің күшімен 371 өрт гидранты қалпына келтірілді. Биыл тағы 500-ге жуығы жөнделмек. Сондай-ақ шаһар билігі ендігі жерде жол құрылысы аяқталған кезде нысанды қабылдау ісіне коммуналдық қызмет көрсету мамандарын қатыстыруды жөн деп тапты.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов