БЖЗҚ қаржысын алуға 150 мың адам өтініш жіберген

БЖЗҚ қаржысын алуға 150 мың адам өтініш жіберген

Елдің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың тізімін жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әзірге агенттіктің талабына сәйкес келетін 6 компания анықталған. Енді азаматтар зейнетақы жинағындағы қаржысын бұл компанияларға беру үшін сенімхат жасауы керек. Бүгінге дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан шекті сомадан асқан қаржыны алуға 150 мыңдай азамат өтініш берді. Оның 90 мыңдайы мақұлданып, 497 миллиард теңге өтініш берушілердің арнайы есепшотына түсті. Өтініш бергендердің 20 проценттейі – алматылықтар. Одан кейін Маңғыстау және Нұр-Сұлтан қаласының азаматтары белсенді әрекет етіп жатыр. Олардың көбі шекті сомадан асқан қаржыны ипотекасының бір бөлігін, тіпті жетіп жатса толықтай жабуға жұмсаған. Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 4 мың отандасымыздың өтініші қаралып жатыр. Егер мақұлданса оларға 23 миллиард теңге төленеді.