Ақтауда паркингте той жасағандар жауапқа тартылады

Ақтауда көп қабатты үй астындағы автотұрақта той жасағандар жауапқа тартыла ма? Өткен демалыс күндері елден ерекше жағдайда үйлену тойын тойлаған көпшілік жайлы әуесқой бейнетүсірілім әлеуметтік желіге таралған еді.

Асабаның кадрде сөйлеп тұрған сәтін полицейлер де көріп, жанұялық шараның 35-шағын аудандағы тұрғын үй кешенінде өткенін анықтады. Бүгін әлгі тойды өткізген қала тұрғыны мен асабадан жазбаша түсініктеме алынып, қалалық әкімдік жанындағы мобильдік топқа жолданды. Олар өз кезегінде санитарлық-эпидемиологиялық басқармаға жіберіп, кінәлі тұлғаларды жазалау амалдарын қарастыруға тиісті.

Еркін Елеусізов, қалалық ҚПБ ЖПҚ Бөлім бастығының орынбасары:

- Учаскелік полиция инспекторлары жан-жақты жұмыс жасап, тамаданы және той иесін анықтады. Қысқаша мәтінде түсініктеме алынып, қазіргі таңда алгоритм бойынша мобильдік топқа, яғни қалалық әкімдіктің қызметкерлері айналысуына байланысты берілді. Карантин кезінде жаңағыдай мерекелік іс-шараларды өткізу бойынша әкімшілік Кодекстің 425-бабында көрсетілгендей, құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылады.