Елімізде 123 құрылыс компаниясы баспанаға мұқтаждардың қаржысын алып, міндеттемесін орындамайды

Елімізде 123 құрылыс компаниясы баспанаға мұқтаждардың қаржысын алып, міндеттемесін орындамайды

Осы ретте құрылыс компанияларының рейтингісін құрып, олармен жұмыс істеу механизмі ұсынылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл сайын тұрғын үй кезегіндегі азаматтар саны жыл сайын 50 мыңға көбейіп келеді.

Сол себепті баспанамен қамту мәселесін шешуде жан-жақты кешен іске асуы тиіс. Бүгін Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысын жетілдіру жолдары айтылды. 

Халық сенімінен әлі шыға қоймаған құрылыс компаниялары үлескерлердің қаржысын тікелей тартпайды. Бірақ жұмысын бірыңғай оператор арқылы іске асырады. Ал мемлекет тағайындаған оператор үлескерлердің баспаналы болуына 100 процент кепілдік бермек. Осылайша мемлекет құрылыс нарығындағы жағдайды жіті бақылауында ұстайды. Бұл индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған баспана құрылысын жетілдірудегі қосымша шаралардың бір парасы ғана.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын 50 мыңға дейін өсуде және бүгінгі күні 548 мың адамды құрайды. Кезектегі көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары, табысы отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі бір күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда, тұрғын үймен қамтамасыз ету жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы жүзеге асыру ұсынылады.

Үкімет отырысында мәлім болғандай, баспана бағасын тұрақтандыру мақсатында арнайы жоба іске қосылады. Қанатқақты жобаға қатысты «Отбасы банкінің» басқарма басшысы Ләззат Ибрагимова арнайы тоқталды. 

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банкі» басқарма төрағасы:

- Қазір банк офф-тэйк келісімі бойынша жеке құрылыс салушыларымен жұмыс жүргізеді. Жылжымайтын мүлік бағасының өсіміне жол бермеу мақсатында жеке құрылыс салымшылармен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында мемлекеттік қаржыландыру тартпай отырып, пилоттық іске қосу жасалуда.

Банк басшысы атап өткендей, зейнетақы қорындағы қаржы есебінен тұрғын үй мәселесін шешу үшін 98 мың өтінім түскен. 145 млрд теңге сомманы құрайтын 28 мың өтінім қанағаттандырылған. Жалпы биыл 163 мың тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарда бар. Бұған 309 млрд теңге тарту көзделеді.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Біз 1 млн жуық отбасын үймен қамтамасыз ете аламыз. Барлығы осы жылы 17 млн шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарланған, бұл өткен жылға қарағанда 2 млн шаршы метрге көп. Өңірлерде құрылыс маусымын уақтылы бастаудың маңызы зор. Жер учаскелерін уақтылы бөлу және оларға қажетті инфрақұрылымды жеткізіп, тиісті жобалық құжаттаманың дайын болуын қамтамасыз ету қажет.

Жалпы тұрғын үй саясатын жетілдіруге арналған кешенді шараны іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі керек. Атап айтқанда, 10 кодекске және 18 заң жобасын түрлендіру міндеті тұр. Үкімет басшысы құзырлы органдарға 15 наурызға дейін Құрылыс индустриясын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын Үкіметке енгізуді тапсырды.