Қазақ халқына алғыстан басқа айтарым жоқ – Лилия Пак

Қазақ халқына алғыстан басқа айтарым жоқ – Лилия Пак

Қиыр Шығыстан ауып, қазақ топырағына табаны тиген ұлт пен ұлыстың бір шоғыры Сыр еліне сіңісіп, өніп-өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалағаштық Лилия Пактың да анасы 13 жасында жетім қалып, азапты күндерді бастан өткеріпті. Талайлы тағдыр иелерінің ұрпағы бүгінде керегесін кеңейтіп, үйлі-күйлі жағдайға жеткен.

Лилия Пактың анасы Лира Сыр еліне 1945 жылы жер аударылған туыстарын іздеп келген екен. Өкінішке орай, Корей қызының жақын жуықтарымен табыссам деген арманы орындалмапты. Бірақ Жалағаш жұрты оны туысындай кең құшағына алып, үбірлі-шүбірлі отбасына айналуына жол ашқан.

Лилия Пак, Жалағаш ауданының тұрғыны:

– Қымбат апам, Көркем иманды болсын. Олар жоқ қазір. Сол үйде тұрды. Солар көмектесті. Қазақ халқына рақмет. Тек жақсылықты көрдім, жамандықты көрген жоқпын.

Лилия анасы айтқан ауыр жылдар туқыметімен жақсы таныс. Сондықтан болар, қай іске болмасын жауапкершілікпен қарауды әдетке айналдырған. Бір мекемеде 40 жыл табан аудармай медбике болып қызмет атқаруы да осы ана тәрбиесімен берілген асыл қасиет болса керек.

Райкүл Ахетова, Л.Пактің әріптесі:

– Ұлты басқа болғанмен, қазаққа сінген адам. Біз қанша жыл бірге жұмыс істегенде, ол кісіні кәріс екен деп ойламайтынбыз. Өйткені таза қазақ тілінде сөйлейді, қазақша ойлай алады. Сосын қазақтың барлық ұлттық құндылықтарын жақсы білетін.

Зайгүл Кучумова, Л.Пактің шәкірті:

– Біріншіден, дәрігердің оң қолы, сол қолы боласың, көмектесесің, науқастардың тілін табу керек, психолог болу керек дегендей, осы кісінің ақылымен, берген сабағымен жүрміз.

Лилия Пак медбике ісіндегі мінсіз қызметі үшін бірқатар марапатқа ие болыпты. Екі ұлы мен бір қызын аяқтандырып, қазақтармен құда-жекжатқа айналған бақытты әже шын мәнінде халықтар достығының үлгісін танытқан қазақ еліне алғыстан басқа айтарым жоқ деп ағынан жарылды.

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев